COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

Өзбекстан: карантин 15 маусымға дейін ұзартылды

Өзбекстанда карантин мерзімі 15 маусымға дейін ұзартылды. Бұл туралы елдің Әділет министрлігінің Telegram каналында жарияланды.

Негізгі шектеулерді сақтаумен қатар, арнайы республикалық комиссияның шешіміне сәйкес қызыл және сары деңгейдегі эпидемиологиялық жағдайы бар аймақтарда риэлторлардың, көлік жүргізу мектептері, сондай-ақ мемлекеттік мекемелерге тамақтандыру қызметін ұсынатын кәсіпкерлердің қызметі қайта жанданады.

1 маусымнан бастап жасыл деңгейі бар аумақтарда  рұқсат етілген іс-шаралар тізімі әлдеқайда кеңірек. Мұнда сауықтыру орындары, пансионаттар, балалар лагерлері, қонақ үйлер, басқа демалыс аймақтары, спорт клубтары мен секциялар, фитнес-орталықтар мен спортзалдар жұмысын бастайды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда елде коронавирус індетіне шалдыққандар саны 3662-ге жетті. Ал инфекциядан 2837 науқас жазылып шықса, 15-і дертті жеңе алмады. Осылайша бүгінгі таңда республикалық ауруханаларда 810 науқас дәрігерлер бақылауында.

Қырғызстан:16 қырғыз азаматы Бішкекке Үндістаннан оралды

Қырғызстанның 16 азаматы Бішкекке Үндістаннан оралды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Дели - Бішкек бағытындағы Air India әуе компаниясының чартерлік рейсі екі ел арасындағы келісім бойынша жүзеге асырылған. Қазіргі уақытта  барлық жолаушылар тиісті медициналық процедуралардан өту үшін обсервациялық бақылауға алынды.

Ал елде бір тәулікте 69 коронавирус дерегі тіркелді. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министірінің орынбасары Нурболот Үсенбаев мәлімдеді.

Жалпы, Қырғызстанда COVID-19 диагнозы қойылған науқастар саны 1817-ге жетті. Пандемия басталғалы елде 1181 науқас сауығып шықты. 16-сы қаза болды.

Тәжікстан: коронавирус жұқтырғандар саны 3900-ден асты

Тәжікстанда бір тәулікте 123 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Осылайша, республикада COVID-19 вирусын 3930 адам жұқтырғаны мәлім болды. Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2004 адам коронавирустан жазылып шыққан, жұқпалы індеттен 47 адам көз жұмған.

Алайда Тәжікстанда тұрғындардың дені ресми статистикаға сенбей отыр. Халық коронавирусты жұқтырғандар ресми мәліметтен көп деп есептейді. kvtj.info сайтының мәліметі бойынша, 29 мамырға дейін елде 360 адам COVID-19 вирусынан қайтыс болған. Бұл тізім БАҚ, әлеуметтік желілер мен марқұмдардың туыстары берген мәлімет негізінде жасалған. Билік бұл тізімді "фейк" деп атады.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, коронавирус жұқтырған 1886 адам ауруханада жатыр.

Түркменстан: бірде-бір COVID-19 дерегі тіркелген жоқ

Соңғы деректер бойынша, Түркменстан әлі де коронавирустан азат ел.

 

Фото: azattyq.org