COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

Өзбекстанда коронавирус індетіне шалдыққандар арасында шетелден келгендер көп. 14 мамырда өзбекстандықтарды елге қайтару үшін ұйымдастырылған чартерлік рейсте келген жолаушылардың инфекцияға алынған сынама  қорытындысы жарияланды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Санкт-Петербург-Ташкент бағытында қатынаған рейстің 86 жолаушысында COVID-19 дерегі расталды.

Жалпы Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, соңғы 14 күнде 17 чартерлік рейспен Өзбекстанға 4556 азамат оралған.

Соңғы мәліметтер бойынша, Өзбекстанда қауіпті инфекцияның 3396 жағдайы тіркелген. Елде пандемия басталғалы 2668 науқас аурудан айыққан. 14 адам вирус құрбаны болды.

Қырғызстан: науқаспен байланыста болмаған адамдарда COVID-19 анықталуда

Ал Қырғызстанда вирусты жұқтырған науқаспен байланыста болмаған адамдарда COVID-19 анықталуда.

Бұл туралы республикалық штаб отырысында бірінші вице-премьер Кубатбек Боронов мәлімдеді. Оның айтуынша, азаматтардың өздері вирус жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болмай, қай жерде және қашан жұқтырғанын білместен медициналық мекемелерге жүгінген фактілер тіркелген. Бірінші вице-премьердің сөзіне қарағанда бұл инфекция ошақтарының көбеюін көрсетеді.

«Санитарлық талаптарды, үйде оқшаулануды, карантин режимін және басқа бекітілген стандарттарды қатаң сақтау үшін барлық қауіпсіздік шараларын күшейту қажет. Әркім немқұрайлық танықтаны үшін жауапқа тартылатынын ұмытпаңыз. Жағдай бақылаудан шықпауы керек», - деді ол.

Сонымен қатар, ол азаматтар өз қауіпсіздігі үшін көпшілік шоғырланатын орындарда, қоғамдық көліктерде бетперде тағып жүру қажеттегін қаперге салды.

Қырғызстанда соңғы бір тәулікте 74 адам коронавирус  инфекциясын жұқтырған. Жалпы елдегі эпидемиологиялық жағдай келесідей: вирусқа шалдыққандар саны – 1600-ге жақындап қалды. 1066 науқас жазылып шықты. 16-сы қайтыс болды.

Тәжікстан: медицина қызметкерлері үшін қысқа мерзімді курстар

Тәжікстанда COVID-19 ауруымен күресу үшін  Республикалық медициналық колледжде дәрігерлерді қайта даярлау курстары басталды. Осылайша 29 мамырға дейінгі екі күндік қысқа мерзімді оқу курсында 106 медицина қызметкері біліктілігін арттырмақ.

28 мамырдағы жағдай бойынша Тәжікстанда 3424 коронавирус инфекциясы тіркелген. Вирусты жеңе алмағандар саны - 47, 1575 науқас сауығып шықты.

Түркменстан: коронавирустан азат ел

Түркменстанда әлі коронавирус дерегі тіркелген жоқ.  Дегенмен, сақтық шаралары барынша сақталуда. Мәселен ел президенті министрлермен бір ғимаратта отырғанына қарамастан  видеобайланыс арқылы ғана жиналыс өткізуде, деп хабарлайды  «Хроник Туркменистана» басылымы.

 

Фото: informburo.kz