COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

Тәжікстан астанасына Қытайдан бір топ дәрігерлер арнайы чартерлік рейспен келді. Бұл туралы Душанбе мэриясы хабарлады. Ақ халаттылар коронавирус індетімен күресуге ат салыспақ.

Топта Қытайдың Шэньси провинциясының 14 вирусологы бар. Дәрігерлермен бірге жалпы сомасы 700 мың долларға 15 жасанды дем алдыру аппараттары, дәрі-дәрмектер, қорғаныс құралдары жеткізілді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Тәжікстанда 3100 адам COVID-19 індетіне шалдыққан. 46 науқас қайтыс болды.

Ал Қырғызстан мектептерінің түлектері жоғары оқу орындарына қашықтан емтихан тапсырып түсе алады. Талапкерлерді қабылдау 20 шілдеде басталады. Бұл туралы елдің Білім және ғылым министрінің орынбасары Надира Жүсіпбекова мәлімдеді.

Надира Жүсіпбекова министрлік түлектерге оқуға түсу үшін құжаттарды электронды түрде тапсыруға мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама әзірледі деп қосты. «Үміткер үйде отырып, өзі оқығысы келетін кез-келген университетке талонға өтініш бере алады», - деді ол.

Сонымен қатар ол коронавирус инфекциясының белең алуына байланысты биыл министрлік 9 және 11 сынып оқушыларына арналған қорытынды емтихандарды алып тастағанын еске салды. Арнайы құрылған мемлекеттік комиссия емтихан бағаларын оқушылардың жалпы жетістіктері негізінде шығарады. «Республикалық тестілеу 21-25 маусымда өтеді, түлектер 13-19 шілдеде нәтижелерін алады», - деді ол.

Айта кетейік, Қырғызстанда пандемия басталғалы 1468 коронавирус дерегі расталды. 1015 науқас суғып шығып, 16 адам қайтыс болды.

Ал, Өзбекстанда вирустан жазылып шыққандар саны күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда инфекциядан жазылып шыққан науқастар саны 2607-ге жетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Өзбекстанда бір тәулік ішінде 46 адамда коронавирус анықталды. Вирус жұқтырғандардың 44-і - шетелден келген азаматтар.

Қазірдің өзінде республикалық ауруханаларда 641 науқас дәрігерлер бақылауында, 2 адамның жағдайы ауыр және тағы бір науқастың денсаулығы өте нашар. Жалпы, Өзбекстанда COVID-19 диагнозы қойылған науқастар саны 3261-ге жетті. Пандемия басталғалы елде 13 науқас қаза болды.

 

Фото: tengrinews.kz