COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

Қырғызстанда 8 балада коронавирус анықталды

Бішкекте балалар онкология бөлімшесінде 8 бала коронавирус жұқтырды. Сонымен қатар індетке шалдыққандар қатарында 3 ата-ана  мен бір дәрігер және 2 мейірбеке бар. Қазіргі таңда бөлімге карантинге жабылды. Ал вирус жұқтырғандар 24 сағат медбикелер мен дәрігерлердің бақылауында.

 «Ұлттық орталықта барлығы 120 адам  тестілеуден өтті. Нәтижесінде 14 адамда COVID-19 дерегі расталды. Қазіргі таңда онда барлық эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені ұйымдастырылған. Вирус анықталған балалар арнайы орталықтағы бөлімге орналастырылды, себебі оларды өзге ауруханаға ауыстыру мүмкін емес», - деді Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нұрболот Үсенбаев.  

Жалпы республикада 1350 адамда коронавирус анықталған. 949 науқас жазылып шыққан.

Түркия Өзбекстанға гуманитарлық көмек жіберді

Ал Өзбекстанға Түркия 50 жасанды дем алу аппаратын жіберді. Бұл туралы Ферғана агенттігі хабарлайды.

 «Жасанды дем алдыру аппараттарының баламасы Түркиядағы 4 ірі компания көмегімен жасалды. Алғашқы 100 вентилятор Стамбұлдың Башакшехир ауданындағы қалалық ауруханаға жіберілген болатын»,- деді Түркия Денсаулық сақтау министрлігі Халықаралық қатынастар бөлімінің бастығы, профессор Селами Кылыч.

Ал, Өзбекстанда вирустан жазылып шыққандар саны күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда инфекциядан жазылып шыққан науқастар саны 2407-ге жетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Өзбекстанда бір тәулік ішінде 39 адамда коронавирус анықталды. Вирус жұқтырғандардың 6-уы - шетелден келген.

Қазірдің өзінде республикалық ауруханаларда 586 науқас дәрігерлер бақылауында, 4 адамның жағдайы ауыр. Жалпы, Өзбекстанда COVID-19 диагнозы қойылған науқастар саны 3006-ға жетті. Пандемия басталғалы елде 13 науқас қаза болды.

Тәжікстанда COVID-19  дерегі күн санап артып келеді

Тәжікстанда да инфекцияға шалдыққан науқастар қатары артып келеді. Бүгінгі таңда індетке шалдыққандар саны 2350-ге жетті. Бұл туралы республиканың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлайды. Соңғы мәліметтерге сәйкес елде соңғы бір тәулікте коронавирус 210 науқаста расталды. Тәжікстанда 30 сәуірде  індет жайылғаннан бері 1008 науқас жазылып шығып, 44 адам қайтыс болған.

Түркменстанда соңғы қоңырау жиыны өтпейді

Азия Орталық елдері арасында Түрменстан COVID-19 дерегі ресми анықталмаған ел.  Десе де Ашхабад мектептерінде түлектердің оқу бітіру құрметіне орай ұйымдастырылатын соңғы қоңырау жиыны өтпейтін болды. Мұндай шешім 20 мамырда қалалық білім департаментінің жиналысында мәлім болған. Өз кезегінде Түркменстан билігі пандемия кезінде қабылданған бұл шешімнің себебін түсіндірмеді. Билік елде коронавирус тіркелген жоқ деп отыр.

Сонымен қатар қазіргі таңда республикада мемлекеттік қызметкерлер емханаларда міндетті тексеруден өтіп жүр. Жалпы Үкімет сәуір айынан бастап халықты жаппай тексеру науқаны басталғанын айтқан болатын. Дегенмен тексеру нәтижелері жарияланбады.

 

Фото: ozodi.org