COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

Тәжікстанда бір де бір бала коронавирус жұқтырған жоқ. Бұл туралы республиканың Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

«Бір жастан 10 жасқа дейінгі балалар арасында коронавирус дерегі тіркелген жоқ. Ал, 10 мен 20 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында тек бір жағдай ғана анықталды. Бүгінгі таңда оның денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», - деді ел Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Эмомали Мирзо.

Жалпы Тәжікстанда 2140 адам COVID-19 індетіне шалдыққан. Инфекциядан жазылып шыққандар саны - 641. Дәрігерлер 41 адамды құтқара алмады.

Ал Өзбекстанда вирустан жазылып шыққандар саны күн санап артып келеді. Бүгінгі таңда елде 2372 адам ауруханадан аман-есен шыққан. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Өзбекстанда бір тәулік ішінде 84 адамнан коронавирус анықталды. Вирус жұқтырғандардың 44-і - шетелден келгендер, 40 адам - карантинде болған азаматтар.

Қазірдің өзінде республикалық ауруханаларда 565 науқас дәрігерлер бақылауында, 5 адамның жағдайы ауыр. Жалпы, Өзбекстанда COVID-19 диагнозы қойылған науқастар саны 3 мыңға жақындап келеді. Пандемия басталғалы елде 13 науқас қаза болды.

Ал Қырғызстанда бір тәулікте 43 адамның коронавирус індетін жұқтырғаны анықталды. Ел денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нұрболот Үсенбаевтың айтуынша, инфекцияға шалдыққандардың қатарында 4 медицина қызметкері бар.

Пандемиясы жарияланғалы Қырғызстанда 1313 адам инфекция жұқтырған. Жазылып шыққандар саны – 929 адам. Ал 14 науқас қайтыс болған.

 

Фото: eadaily.com