COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

Қырғызстанда өзін-өзі оқшаулау деңгейі төмен. Мұны Yandex зерттеу- өзін-өзі оқшаулау индексінің деректері дәлелдейді. Компания өзін-өзі оқшаулау коронавирус індетімен күрестегі негізгі шаралардың бірі екенін еске салады.

Өзін-өзі оқшаулау деңгейін есептеу үшін осы уақыттағы қалалық белсенділік деңгейі мен эпидемияға дейінгі қалыпты күнмен салыстырылған.

«Егер қалыпты жұмыс күнінде шарықтау шегіндегідей қозғалыс болса, онда оқшаулану деңгейі төмен, 0 балл, бұл өте төмен көрсеткіш. Егер қала түнгі мезгілдегідей тыныш болса, бұл 5 балл. Балл неғұрлым жоғары болса, вирустың таралуы соғұрлым аз болады», - делінген сайтта.   

Бүгінгі таңда ел астанасы Бішкек қаласында оқшаулану көрсеткіші 2 баллға тең. Яғни көшеде жүрген адамдар саны көп.

Ресми деректерге сүйенсек, Қырғызстанда коронавирус індетіне 1216 адам шалдыққан. 827-сі жазылып шықты. 14 адам қайтыс болды.

Ал Өзбекстанда коронавирустан айыққаңдар саны артып келеді. Елде 2762 адамнан коронавирус табылған. Дегенмен 2254 науқас дертті жеңіп шықты.  Қазір елде карантин талаптары айтарлықтай жеңілдетілді. Мәселен, Өзбекстанның UzAirways әуе компаниясы бүгіннен бастап ішкі бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдай бастайды, оған коронавирус жұқпағаны туралы анықтамасы бар азаматтар ғана жіберіледі. Жолаушылар ұшу уақытына дейін 120 сағат ішінде санитарлық-эпидемиологиялық бақылау орталығында коронавирус тестінен өтіп үлгеруі тиіс. Әуежайға кірген кезде және ұшақ ішінде жолаушылардың қорғаныш маска тағып, қолғап киіп жүруі міндетті, сонымен бірге ұшақ салонында әлеуметтік арақашықтық сақтау керек.

«Узбекистон темир йуллари» компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, пойыз жолаушыларына да осыған ұқсас талаптар қойылғанын атап өтті. Бүгіннен бастап елде темір жол қатынасы да қалпына келді.

Айта кетейік, Өзбекстанда коронавирусқа байланысты өзге елдермен көлік қатынасы - 16 наурызда, ел ішінде 27 наурызда тоқтаған еді.

Ал Тәжікстан COVID-19 құрбандарының саны бойынша Орталық Азия елдерінің арасында бірінші орынға шықты. Бұл туралы «Фергана» агенттігі хабарлайды. Соңғы мәлімет бойынша елде коронавирусты 1500-ден аса адам жұқтырған. Солардың 39-ы көз жұмды. Тағы 4200-ге жуық адам дәрігерлердің бақылауында. Ал індеттен айығып шыққандардың саны 500-ге жуықтайды.

Соңғы деректер бойынша, Түркменстан әлі де коронавирустан азат ел. COVID-19 жұқтырғандар тіркелген жоқ деп хабарлады жергілікті билік.

 

Фото: gazeta.uz