COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

Орталық Азия аумағында коронавирус індетін жұқтырғандар саны артып келеді. Аймақтағы елдер  вируспен күрес шараларын жүргізуді бәсеңдеткен жоқ. Мәселен, Қырғызстан Беларусь елінен 150 мың сынама сатып алуды көздеп отыр. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаев хабарлады. Оның айтуынша, қосымша тест алуға жұртшылықты зертханалық тексеру ауқымының ұлғаюы себеп болған. Бұл елде соңғы деректер бойынша коронавирус жұқтыру бойынша 1082 дерек тіркелді. 735 адам сауығып кетсе, 12 науқас көз жұмды.

Өзбекстанда КВИ 11 адамның өмірін жалмады. Ал қатерлі вирусты жұқтырғандар саны 2620-ға жетті. Дегенмен науқастарды емдеу көрсеткіші айтарлықтай жақсы: 2076 азамат ауруды жеңіп шықты.

Алайда Өзбекстан өкіметі коронавирус инфекциясының екінші толқынынан қауіптеніп отыр. Осыған орай карантиннен кейін де елге келуші шетелдіктердің кіру тәртібіне өзгертулер енгізбек. Көрші ел коронавирус анықтамасы болған жағдайда ғана виза беру жүйесін енгізуі ықтимал.

Аймақтың өзге елдеріне қарағанда COVID-19  Тәжікстанға кештеу келгеніне қарамастан індеттен 23 науқас көз жұмды. Қазір мұнда 801 адамнан коронавирус анықталды. Жергілікті медицина мамандары  жұртшылықты жаппай тестілеу жұмыстарын бастады. Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігі елде 44 мың сынама барын жария етті. Қазірдің өзінде 7700 адам сынамадан өткен.

Соңғы деректер бойынша, Түркіменстан әлі де коронавирустан азат ел. COVID-19 жұқтырғандар тіркелген жоқ деп хабарлады жергілікті билік.

 

Фото: 24.kg