COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

Қырғызстанда кейбір кәсіпорындар жұмыстарын жандандыруы мүмкін. Бішкекте карантин режимі 30 сәуірден кейін ұзартылмаса құрылыс нысандары, қызмет көрсету станциялары, вулканизация және такси қызметі іске қосылады. Айта кетейік, қазір елде COVID-19 жұқтырғандардың саны 656-ға жетті. Соңғы бір тәулікте коронавирус инфекциясының 25 дерегі тіркелген. Айыққандар саны да өсуде. Бүгінгі таңда  322 науқас ауруханалардан шығарылды. 8 адам қайтыс болды.

Өзбекстанда да жағдай көңіл көншітерлік емес. Мұнда қауіпті індетке шалдыққандардың саны Қырғызстанға қарағанда 3 есе көп. Соңғы мәліметтерге қарағанда мұнда 1778 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, 598-і емделген.

Сонымен бірге, ел билігі коронавирустың экономикаға тигізген зардаптарын есептеуде. Қазірдің өзінде Өзбекстан халықаралық қаржы институттарынан 3,1 млрд қаржы тартуды қарастырып жатыр. Үкімет 375 миллион доллар көлеміндегі қосымша қаражат Халықаралық валюта қорынан тартуға ниетті.

Ресми мәліметтерге сәйкес,  Орталық Азия елдерінің ішінен COVID-19 тек Тәжікстан мен Түркіменстанда ғана тіркелген жоқ. Sputnik ақпарат агенттігінің хабарлауынша, келесі аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының миссиясы елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы мемлекеттер ұсынған ақпараттың дұрыстығын тексеру мақсатында осы республикаларға бармақшы. Кейін брифинг өткізіліп, ДДСҰ сарапшылары бүкіл өңір бойынша есеп береді.

 

Фото: ia-centr.ru