COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

COVID-19: Орталық Азиядағы ахуал

Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар саны 590 адамға жетті. 216 науқас емделіп шықты, 7 адам қайтыс болды. 20 сәуірде Қырғызстанға коронавирус індетімен күресуге көмектесу және тәжірибелерімен бөлісу мақсатында қытайлық дәрігерлер келді. Ал бұған дейін келген Польша мамандары қазір Бішкектегі республикалық клиникалық инфекциялық ауруханасында жұмыс істеуде. 27 сәуірден кейін олар Ош және Жалал-Абад облыстарындағы ауруханаларға барып, жергілікті медициналық қызметкерлерге көмектеседі, деп хабарлады елдің Денсаулық сақтау министрлігі.

Өзбекстанда COVID-19 жұқтырған 1627 адам тіркелді. Соңғы тәулікте індетті жұқтырған 62 адам анықталды, 261 адам дерттен жазылып шықты, 5 адам көз жұмды. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев коронавирус тіркелмеген аймақтарда карантиндік шектеулерді жеңілдетуді тапсырды. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын жалғастыруға рұқсат етілді. Жұмысын жандандырған кәсіпорындарда санитарлық-гигиеналық ережелер қатаң сақталады.

Ал Тәжікстанда сәуір айында 3 адам пневмониядан көз жұмды. Олармен қатынаста болған адамдар карантинге жатқызылды. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, республикада карантинге жатқызылған азаматтардан коронавирус инфекциясы анықталған жоқ.

«Соңғы кездері ауа райының қолайсыздығынан адамдардың денсаулығы нашарлап, тыныс алу жолдары ауруларымен, соның ішінде пневмониямен ауыратындар саны артқан», делінген хабарламада.

Түркменстанда COVID-19 диагнозы расталған бірде-бір жағдай тіркелген жоқ.

 

Фото: elgezit.kg