COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

COVID-19: Орталық Азия елдеріндегі ахуал

Қазақстан Орталық Азия елдерінде анықталған коронавирус жағдайлары бойынша көшбасшы ел болып отыр. Қазіргі таңда біздің елде коронавирус инфекциясының 1735 дерегі расталған. Ал Өзбекстанда 1565  COVID-19 диагнозы қойылған. Айта кетейік, мұнда ел билігі карантин режимінің ұзартылатынын хабарлады.

«Арнайы республикалық комиссияның 2020 жылдың 20 сәуіріне дейін енгізген шектеу шаралары (карантин), сондай-ақ коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимылдың жетілдірілген тәртібі 2020 жылдың 10 мамырына дейін ұзартылады», - делінген ресми мәлімдемеде.

Сарапшылар коронавирус жағдайларының салыстырмалы түрде аз тіркелуін елде азаматтардың оқшаулау режимін қатаң сақтауымен байланыстырады. Бірнеше ақпарат көздерінде өзін-өзі оқшаулаудың ең жоғары көрсеткіші Ташкентте байқалатыны туралы хабарланған.

Сондай-ақ ел басшылығы да тиімді іс шаралар қолдануда. Осылайша, Өзбекстандағы коронавирустың алдын алу жөніндегі республикалық комиссияның жаңа талаптарына сәйкес, такси жүргізушілері енді бас киім, медициналық қолғаптар мен бетперде киюлері керек.  

Қырғызстанда 568 адамда  COVID-19 дерегі анықталған. Бүгінгі күні олардың жартысы ауруды жеңіп шыққан. Ауруханадан шығарылғандар саны 201-ге жетті. Елдің денсаулық сақтау  министрінің орынбасары Нұрболот Үсенбаевтың айтуынша, Қырғызстанда коронавирустың шарықтау шегі 20-24 сәуір аралығында болады деп күтілуде.

Сондай-ақ, Нұрболот Үсенбаев министрлікте ғалымдар мен үздік мамандардан тұратын арнайы топ құрылғанын атап өтті.«Олар бүкіл әлемде және Қырғызстанда коронавирус эпидемиясының көрсеткіштерін үнемі бақылап отырады», - деді Нұрболот Үсенбаев.

Ол азаматтарға оқшаулану және карантиндік шараларды қатаң сақтау аурудың таралуын тоқтатуға көмектесетінін еске салды.

Тәжікстан мен Түркменстан елдерінде коронавирус инфекциясы анықталды деген ресми ақпарат жоқ. Бұл мемлекеттердің басшылығы әлемде белең алған індеттің алдын алып, таратпау үшін барлық сақтық шаралары қолға алынғанын айтып отыр.

 

Фото: rus.ozodi.org​