Орталық Азия елдерінде коронавирус індетіне шалдыққандар саны артып келеді

Орталық Азия елдерінде коронавирус індетіне шалдыққандар саны артып келеді

Қырғызстанда 42 коронавирус дерегі расталды. COVID-19 диагнозы Жалал-Абад жұқпалы аурулар ауруханасының бірнеше дәрігері жұқтырғаны анықталды. Осыған байланысты аурухана уақытша жабылып, науқастар Ош облыстық ауруханасына ауыстырылды. Медициналық мекемеде қазір жедел дезинфекция жүргізілуде. Жалпы елде коронавирус індетіне шалдыққандар саны 270-ке жетті. 4 адам қайтыс болды. Республикада, сонымен қатар ел астанасында төтенше жағдай режимі енгізілген.

Өзбекстанда да жағдай көңіл көншітерлік емес. Елдің денсаулық сақту министрлігінің хабарлауынша, осы сағатта республикада 14 адамда COVID-19  диагнозы анықталған. Осылайша, елде коронавирус індетке шалдыққандар саны 534-ке жетті.

Ал елдің Бас прокуратурасы азаматтарды кездесулердің жеке күнделіктерін жүргізуге шақырды.

«Әрбір азаматтың қашан, кіммен, қайда және қалай сөйлескені туралы жазбаны жүргізгені жөн. Бұл деректер ең алдымен аурудың таралуын болдырмау үшін қажет және нәтижесінде мыңдаған адамдардың өмірін сақтап қалуға болады» - делінген хабарламада.

Орталық Азия едерінің тағы екі мемлекеті – Тәжікстан мен Түркменстанда әлі күнге дейін коронавирустың бірде-бір дерегі  ресми түрде расталған жоқ.

 

Фото: uzreport.news