Орталық Азия аймағындағы бес елдің үшеуінде Covid-19 тіркелді

Орталық Азия аймағындағы бес елдің үшеуінде Covid-19 тіркелді

Өзбекстанға қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен Қытайдан гуманитарлық көмек ретінде 20 тонна медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмек жеткізілді. Олардың ішінде медициналық қолғаптар, тепловизорлар мен қорғаныш көзілдіріктері бар. Бұл аса қажет жабдықтар бірінші кезекте инфекция жұқтырған науқастармен тікелей жұмыс жасайтын медициналық қызметкерлер, әскерилер мен ішкі істер қызметкерлеріне таратылады.

Өзбекстанда коронавирус инфекциясымен күресу үшін шетелдік мамандар тартылған. Мәселен, денсаулық сақтау министрлігінің шақыртуымен елге кореялық профессор Цой Чже Ук келген. Маман Covid-19 қатерлі індетінің алдын алу бойынша өз елінде сәтті қолданылған әдістер және  осыған қатысты халықаралық тәжірибесімен бөлісті. Бүгінде елде короновирустың 158 жағдайы тіркелген.  

Көршілес Қырғызстанда қатерлі инфекция жұқтырғандардың саны Өзбекстаннан аз. Қазіргі таңда коронавирус 107 қырғызстандық азаматтан анықталған. Республиканың билік өкілдері ауруды таратпаудың қамында карантиндік режимді бұзған тұлғалармен белсенді жұмыс жасап жатыр. Өткен түнде ғана ел астанасында 137 адам ұсталды. Коменданттық сағат енгізілгелі 876 адам жауапқа тартылып, қамауға алынды. Айта кетейік онда кешкі 20:00 ден таңғы 07:00-ге дейін көшеге шығуға тыйым салынған. Тек дүкен, дәріхана мен медициналық мекемеге баруға рұқсат етілген. Өзіңмен төлқұжат және бағыттық анықтама болуы қажет. 

Түркменстанның билік өкілдерінің мәлімдеуінше, елде коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Дейтұра, індеттің алдын алу үшін Ашхабатқа кіру және ел аумағында еркін қатынауға шектеулер қойылған. Жолдар мен қоғамдық орындарда адамдардың жаппай дене қызуы тексеріліп жатыр. Бұған қоса, елде қоғамдық шаралар мен тойлар өткізуге тыйым салынды.

Тәжікстанда да коронавирустың тіркелгені жөнінде ресми ақпарат жоқ. Ел әлемде белең алған пандемиядан сақ. Індеттің алдын алу үшін ел аумағына сырттан келген азаматтар бірден карантинге оқшауланады.

 

Фото: centralasia.media