Тәжікстан Наурыз мейрамына дайындалуда

Тәжікстан Наурыз мейрамына дайындалуда

Тәжікстан Наурыз мерекесіне қызу дайындық үстінде. Ел астанасы Душанбенің бас алаңында мейрам нышаны – суманак салынған табақ орнатылды. Конструкцияның биіктігі – 30 метр. Металл мен пластиктен жасалған Наурыздың басты нышанын жасауға шеберлер бірнеше ай бойы жұмыс істеген. Ол жеті қабаттан тұрады. Әр деңгей мемлекеттің барлық өңірлерінің ою-өрнектері салынған ленталармен безендірілген. Құрылыстың негізі – ұлттық ағаш табақ. Оның диаметрі 16 метрге жетеді.

ШАРОФИДДИН ТАЛАБОВ, СЫРТҚЫ ЖАРНАМА ЖАСАУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРДЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Айналасындағы табақтар бүкіл әлем мен ғарыштың айналымын білдіреді. Яғни, Наурыз туғандағы күн мен түннің теңескенін көрсетеді.

Бұл алып табақтар жаңарудың белгісі ретінде көктемнің келгенін білдіреді, дейді Душанбе тұрғындары. Көлемі шағындау осындай суманактар қаланың барлық аудандарында орнатылды.

- Мұндай үлкен суманак, әзірге бізде ғана бар. Бұл керемет. Баршаңызға осы табақтай мол бақыт тілеймін.

Суманак – бұл бидайдан дайындалатын ас. Дәндерді алдымен үгітеді, содан кейін ұн мен мақта майын қосып, әлсіз отқа қойып бір тәулік бойы қайнатады. Ал түбі күймес үшін астына тас салады. Ас әзірлеу барысында тұрғындар әндетіп, қызықты әңгімелерін тілек-ниеттерін айтады. Суманак адамға рухани байлық пен күш-қуат береді деген сенім бар.

 

Фото: asiaplustj.info