Орталық Азия аймағындағы елдер короновируспен күресте күш біріктіреді

Орталық Азия аймағындағы елдер короновируспен күресте күш біріктіреді

Орталық Азия аймағындағы елдер короновирус инфекциясымен күресте күш біріктіруге дайын.

Мәселен, Қазақстан мен Өзбекстан жалпыға ортақ қатерлі індетке айналған қауіптің алдын алу үшін өзара жоғары деңгейде келісім жасасты. Қос тарап үкіметінің аталмыш дерттің тарауына тұсау салуға қатысты іс-шаралары үндесетін болады. Covid-19-дың жағдайын бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен өзбек көшбасшысы Шавкат Мирзиеев телефон арқылы талқылады.

Айта кетейік, соңғы мәліметтерге сай Өзбекстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 15 адамға жеткен. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, тек соңғы күннің өзінде жаңадан 4 жағдай тіркелген. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше қатерлі дерт жұқтырғандардың барлығы мамандардың қатаң бақылауына алынды.

Өзбекстан билік өкілдерінің айтуынша, қатерлі инфекцияны жұқтыруда  қоғамға қауіп төндіріп, аурудың белгілерін жасырған немесе анықтау барысында кедергі келтіретін тұлғалар қылмыстық жазаға тартылатын болады. Осындай теріс әрекеттерімен өзге адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін жандар 5 тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін деп мәлімдеді ел үкіметі.

Осы орайда айта кетерлік жайт, АҚШ үкіметі орталықазиялық мемлекетте коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күресу үшін қажет болатын  қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр. Өзбекстанға 10 мың жұп қоғаныш қолғабын, тағы сонша оқшаулағыш халат пен көзді қорғауға арналған 200 көзілдірік жіберілді.  Коронавирус инфекциясынан қорғануға арналған  заттар алдымен Өзбекстанның облыс орталықтары мен қалаларына таратылатын болады.

ДАНИЕЛЬ РОЗЕНБЛЮМ, ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ АҚШ ЕЛШІЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

-  Covid-19 – жаңа коронавирус инфекциясының түрі жаһандық деңгейде қоғамның денсаулығына үлкен қауіп төндіріп тұр. Аурумен күресіп, ошақтарын жою  үшін ел үкіметтері мен халықаралық ұйымдар тығыз қарым-қатынас орнатулары керек.

Сондай-ақ Қырғызстанда да коронавирус инфекциясын жұқтырған алғашқы үш адам тіркелді. Белгілі болғандай қатерлі дерт 70, 62 және 42 жастағы ер азаматтардан анықталды.  Бұл жөнінде елдің денсаулық сақтау министрі Космосбек Чолпонбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, кесел жұқтырғандардың барлығы  наурыздың 12 күні Сауд Арабиясынан келген сәтте бірден үйге карантинге жатқызылды. Қазір науқастар Джалал-Абадтағы инфекциялық ауруханада мамандардың қарауына алынды.

19 наурыздан бастап Қырғызстан барлық шетел азаматтары үшін өз  шекарасын жабады. Аталмыш шектеу халықаралық тасымалдармен айналысатын жүргізушілер мен дипломаттарға қатысты болмайды.

«Қырғызстан азаматтары еш кедергісіз елден кіріп-шыға алады. Тосқауыл жоқ. Тек елге ұшақпен қонған сәттен келген мемлекетіне байланысты міндетті түрде стационарлық немесе үй карантиніне жатқызылады. Шетелдік  азаматтар да өзінің қалауына сай кез-келген уақытта елден шыға алады», деп мәлімдеді Қырғызстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Нурлан Абдрахманов. 

Түрікменстан үкіметі де елге кірудің жаңа талаптарын бекітті. Бұдан былай мемлекеттің аумағына өту үшін коронавирус жұқтырмаған деген анықтама талап етіледі. Ковид-19 вирусы анықталған елдерден келген саяхатшылар міндетті түрде медициналық тексерістен өтулері керек. Бас тартқандары ел аумағынанан шығарылады немесе 24 күнге карантинге жатуы тиіс.

Карантинде жату және медициналық сараптамалардың бағасы 300 долларды құрайды. Оның құнын ел аумағына кіретін азамат өзі өтеуі тиіс.

Фото: yujanka.kz