Қырғызстан коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтуде

Қырғызстан коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шараларын күшейтті. Инфекция ошағы тіркелген елдерден келген азаматтар 3 санатқа бөлінеді. Оларды не медициналық мекемелерге карантинге жатқызады, не болмаса үйге орналастырып, қоғамнан оқшаулайды. Айта кетерлігі, ауру дерегін анықтау үшін келушілерді тепловизормен екі рет тексереді. Әуелі ұшақ бортында, кейін әуежайға келген залда тағы бір рет бақылайды.

МИРЛАН ЧАКИЕВ, «МАНАС» ӘУЕЖАЙЫНЫҢ САНИТАРЛЫҚ-КАРАНТИНДІК ПУНКТІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ»:

 - Қазіргі таңда біздің мамандар әуе кемесінің бортында термоскандауды жүргізе алады. Бұл бізге және басқа жолаушыларға қолайлы жағдай жасайды. Термоскандауды әрбір бортта біздің екі маман жүргізеді.

Қырғызстанда коронавирустың алдын алу шаралары барлық жерде жүргізіліп жатқандығын атап өткен жөн. Егер дезинфекция бұрын тек базарларда, сауда орталықтарында және адамдар көп жиналатын орындарда жүргізілсе, енді дезинфекциялық ерітінділермен өңдеуді қоғамдық көліктерде де жүргізе бастаған.

АЛТЫНБЕК ТЫНАЛИЕВ, ДЕЗИНФЕКТОР:

-  Біз қоғамдық көліктерде дезинфекция жұмыстарын міндетті түрде жүргізе бастадық. Дезинфекциялауға пайдаланатын дәрі-дәрмектің құрамында хлор мен вирусқа қарсы арнайы қоспа бар.

Фото: azattyk.org