Ташкент шаһарындағы артбазар

Шығыс мәнеріндегі әшекейлер мен ыдыстар, жібек маталар мен зергерлік бұйымдар. Көздің жауын алатын қолданбалы өнер туындылары Өзбекстан астанасында өткен көрменің көркін ашты. Екі айда бір рет өтетін шараға Ташкент, Самарқан, Қашқадария, Бұхара өңірлері мен Ферғана алқабынан бас-аяғы 100-ге тарта шебер қатысты.

Артбазарда көркем ою, қыш металл, шыныдан жасалған ыдыстар, асыл тастар, сүйек, былғары бұйымдарын көруге болады. Көріп қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтары мұнда қойылған заттарды сатып алуға мүмкіндік алды. 600 жылдық тарихы бар атақты Риштан керамикасының шеберлері де өз өнерін ортаға салды. Олардың қолынан шыққан қыш бұйымдары қашан да сұранысқа ие.

БАХТИЁР НАЗИРОВ, КЕРАМИКА ШЕБЕРІ:

-  Бұл – ата-бабамыздан қалған қолөнер. Бұл – экологиялық таза өнім болғандықтан, тамақ салуға жарамды табақтар. Менің жұмыстарым теңдессіз. Тіпті өрнектері бір-бірімен қайталанбайды. Өйткені біз мұны көне технология бойынша істейміз. Мына жерде бұрыш бейнеленген. Бұл өсімдік көз тиюден сақтайды. Ал анар – байлықтың белгісі.

Фото: uzbektourism.uz