Қырғызстанда ең ірі Қамбар-Ата-1 гидроэлектростанция салынады

Қырғызстан аймақта аса ірі саналатын Қамбар-Ата-1 гидроэлектростанцияның құрылысына инвесторларды тартуға белсене кірісті. Стратегиялық маңызы бар нысанның қуаты сағатына 1860 мегаватт энергия өндіруге қауқарлы болмақ.  Жобаның құны 3 млрд теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі. 

Құрылыс жұмыстарының  аса қымбатқа түсуі күрделі нысанның іргетасын толықтай жаңадан көтерумен  байланысты. Өйткені Нарын бойында салынатын су электр станциясына қажетті инженерлік инфрақұрылымдық желі тартылмаған. Дейтұра, ауқымды жобаға Қазақстан мен Өзбекстан қызығушылық танытып жатыр, дейді қырғызстандық энергетиктер.

Мамандар осы арқылы көктемгі тасқын және егістіктерді суару кезінде Қырғызстан жағынан бөгендер мен су қоймаларынан босатылатын судың деңгейін бақылап, ағынның күшін қосымша энергия өндіру үшін пайдалануға болатынын айтады.  

АЙТМАМАТ НАЗАРОВ, ҰЛТТЫҚ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ХОЛДИНГ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бізде аталмыш ГЭС-ті бірлесіп салуға қатысты арнайы меморандум бар. Қазір ол келісім күшіне енді. Осыған орай біз өзбекстандық тараппен келісім жасайтын боламыз. Сондай-ақ қазақстандық әріптестермен де осы тұрғыда келіссөздер жүргізіледі. Ортак мәмілеге келсек, ГЭС-тің құрылысын бірлесе жүргіземіз деп күтілуде.   

Ауқымды жобаны жүзеге асыру қажеттілігі Қырғызстан және жалпы Орталық Азия аймағында қуат көзін тұтыну көрсеткіштерінің артуымен қатар, табиғи жағдайлардың өзгеруіне қатысты туындаған.     

ЭМИЛЬ ОСМОНБЕТОВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Биылдан бастап судың тартылу кезеңі басталды. Мәселен Тоқтоғұл су қоймасындағы судың қазіргі таңдағы деңгейін 1 млрд 800 млн текше метрге азайғанын байқаймыз. Бұл мәселені суды үнемдеу арқылы шешуге болады. Осыған орай біз бүгінгі таңда көмірді пайдалануға басымдық береміз. Қатты отынды жеткізуші елдермен тауар айналымы бойынша келіссөздер жүргізіп жатырмыз.       

Қырғызстандық тарап құрылысты өздері бастауға дайын екендіктерін айтады. Ең алғашқы кезеңінде биіктігі 150 метрлік бөген тұрғызу және екі су қоймасын салу көзделуде. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым тартылып, жол төселеді. Жергілікті мамандар инвесторлар табылса, бірінші кезекте негізгі құрылыс орнына жол салуды жоспарлап қойған. Алдын-ала есептеулерге сай, гидроэлектр станциясының құрылысына 8-10 жыл уақыт жұмсалатын болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: pikabu.ru