Азия даму банкі Орталық Азияның жобаларын қаржыландырады

Азия даму банкі биыл Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанда 18 жобаны қолдауға 2 млрд доллардан астам қаржы бағыттайды. Өңірлік қаржы институтының еліміздегі өкілдігі басшысының айтуынша, бөлінген қаражаттың 40 пайызы 4 отандық жобаны жүзеге асыруға жұмсалады. Атап айтсақ, Қазақстанның көлік, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы мен жасыл қаржыландыру салаларын қамтитын болады.

ДЖОВАНИ КАПАННЕЛИ, АДБ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Биыл біз мақұлдаған жобалардың жалпы құны 800 млн доллар шамасында болады деп жоспарланып отыр. Оның екеуі ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылады. Оның бірі мал шаруашылығындағы жеткізілімдерді жақсартуға қатысты. Екіншісі - көтерме сауда саласындағы үлестіргіш орталықтарды дамыту. Бұл қос бастамада ауылшаруашылығын жетілдіруге серпін беретініне сенімдіміз. Сондай-ақ, көлік секторында, жасыл қаржыландыруға қатысты инновациялық жобалар бар.    

Азия даму банкі – еліміздің стратегиялық әріптестерінің бірі. Соңғы ширек ғасырдың ішінде халықаралық қаржы институты еліміздегі жалпы құны 6 млрд долларды құраған инфроқұрылымдық жобаларды қолдаған.

ДЖОВАНИ КАПАННЕЛИ, АДБ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Азия даму банкінің жалпы Орталық Азияда қолға алған жобаларға келетін болсақ, бұл орайда Қазақстанның үлесі басым. Өйткені, аймақтың тұрақты дамуына Қазақстанның қосқан үлесі мол. Мәселен, көлік инфрақұрылымын алып қарасақ, Қазақстан бұл ретте де өңірдің аймақтық ынтымақтастығы мен интеграциясына үлкен  әсерін тигізді. Егер де инвестициялық тұрғыдан айтатын болсақ, аймақтың көлік секторына бүгінге дейін құйған бар қаржымыздың 70 пайызы Қазақстанға тиесілі болды.

Джованни Капаннелидің айтуынша, Орталық Азия аймағының экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасының аясында Азия даму банкі биыл өңірдің  елдерімен сауда-экономикалық, туризм, агроөндірістік кешен, ауыз сумен қамту бағытындағы әріптестігін жетілдіретін болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов 

Фото: inbusiness.kz