Қырғызстанда мектеп оқушылары Абай шығармашылығын қазақ тілінде онлайн түрде меңгере алады

Қырғызстанның Шу облысы Манас ауылындағы мектеп оқушылары қазақ тілін онлайн түрде меңгере алады. «Отандастар» қоры білім ұясына Қазақстандағы оқытушылармен интернет-конферециялар өткізуге мүмкіндік беретін компьютерлік құрал-жабдықты сыйға тартты. Қазір оқу ордасында 240 қазақ баласы білім алуда. Мектепте бірқатар пәндерге маманданған сыныптар бар. Енді қазақ тілі кабинеті де ашылды.     

ОРОЗАЛИ КАМИЕВ, ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

 - Бұл – үлкен жетістік, заманымызбен қатар келе жатырмыз. Онлайн керемет қой. Қашықтық та бөгет емес. Қазақстан елшілігі осындай құрал-жабдық орнатқанына ризамын.  

Мектеп басшылығы қазақ әріптестерінен Абайға қатысты тарихи деректер сұрастырып, оны оқушыларға көрсетпек.    

МАРЖАК ИСКАКОВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

 - Балаларымыз ұлы қазақ ақынының шығармашылығымен таныса алады. Оның туындыларының арқауымен түсірілген фильмдерді көруге, өлеңдерін тереңінен талдауға мүмкіндік молайды. Көп пайда әкеледі деп ойлаймын. 

Сонымен қатар Қазақстан елшілігі мектеп кітапханасына Абайдың өмір жолын баяндайтын қазақ және орыс тілдерінде шыққан кітаптарды табыстады.

Фото: sputniknews.kz