Орталық Азия елдерінің ынтымағы: 2019 жыл қорытындысы

2019 жыл Орталық Азия елдерінің ынтымағын бекемдей түскен жыл болды. Бес мемлекеттің тарихи достығына негізделген конструктивті және прагматикалық саясатының нәтижесінде бүгінгі күні аймақта екіжақты және көпжақты қарым-қатынастарды орнықты дамытуға барлық жағдай жасалған. Қараша айында Ташкентте өткен орталықазиялық мемлекеттер басшыларының II саммиті осыны тағы бір дәлелдеп берді. 

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Осы консультативтік кеңестің кездесуіне биыл бірінші рет Түрікменстан Президенті келіп қатысты. Елордамыздағы кездесуге ол қатыспаған болатын. Сондықтан бұл да бір жақсы жаңалық деп айтуымызға болады.  Тағы бір айта кетерлік жайт, қараша айында Өзбекстан өзінің Еуразиялық экономикалық одақпен бірлесе жұмыс жасағысы келетіндігі туралы мәлімдеме жасаған болатын.

Өңір елдерінің арасындағы сауда-саттық жыл санап өсіп келеді. 2018 жылы бестік 4,3 млрд долларға сауда жасаса, бұл көрсеткіш биылдың небәрі 9 айында орындалған. Ал бірлескен кәсіпорындардың саны 4 есеге артқан. Демек сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге әлеует мол деген сөз. Аймақ бойынша Қазақстанның басты сауда серіктесі – Өзбекстан Республикасы. 9 айда елдер арасында алыс-беріс 25 пайызға артып, 2,6 млрд долларға жеткен. 

БАХАДИР АЮПОВ, «ҚАЗАҚ ЭКСПОРТ» АҚ ЭКСПОРТТЫҚ САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ /ӨЗБЕКСТАН/:

 - Өзбекстан Республикасы Қазақстан үшін экспорт үшін аса маңызға ие әріптес болып табылады. Бұл қызығушылық Өзбекстанның қазіргі басымдықтарының өзінде көрініс тауып отыр. Екі елдің Үкіметі тауар айналымын 5 млрд долларға шығару міндетін қойды. Екі ел президенттерінің өзара сапарлары мен премьер-министрлердің сансыз тұрақты байланыстары қажетті арнада және оң бағыт жүргізіліп жатқандығын көрсетуде.

Қазақстан мен Өзбекстан байланысы мүлдем жаңа деңгейге шықты. Былтыр елімізде көршілес мемлекет жылы жарияланса, 2019 «Өзбекстандағы Қазақстан жылы» ұранымен өтті. Оның аясында бауырлас республика халқын біздің мәдениетімізбен жақынырақ таныстырған 20-ға жуық ірі шара өтті.

Осылайша, мемлекеттер достық пен өзара тиімді әріптестік қатынастардың жарқын үлгісін көрсете білді. Орталық Азияны тұрақты әрі өркендеген біртұтас аймаққа айналдыру бағытындағы жұмыс бұдан ары да жалғаса бермек.  

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: turkmenportal.com