Өзбекстанда аймақтағы ең ірі тау шаңғы курорты салынып жатыр

Өзбекстанда Орталық Азия аймағындағы ең ірі тау шаңғы курорты салынып жатыр. Қысқы демалыс кешені Ташкент қаласынан екі сағаттық жердегі Тянь-Шань тауларының баурайында орналасқан. Шаңғы және сноубортпен әуестенушілер оның қызығын алдағы айда көре алады. Шатқалда бой түзеп қалған тау шаңғы базасының жалпы аумағы 900 гектарды құрайды.

Алдағы 5 жылдың ішінде заманауи курорт қысқы және жазғы маусымға арналған инфроқұрылыммен толықтай қамтылатын болады. Жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын бірнеше шаңғы трассасын салу көзделген.

Сондай-ақ жоғарыға көтерілуге арналған арқанжолдардың бірнеше түрі тартылды. Заманауи өткізу бекеті құрылды. Бірегей бастама жергілікті мамандармен Андора, Испания, Франция, Германия, Дания мен Австрия елдерінің әлемдік деңгейдегі сарапшыларының бірлескен жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 

ВАЛЕРИЙ КИМ, ТАУ-ШАҢҒЫ КУРОРТЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНЬБАСАРЫ:

 - Операциялық директоры – Томас Тор-Йенсен. Ол жақында Куршавелдің маунтин директоры қызметін атқарған. Қазір өз ісінің хас шебері бізбен жұмыс жасап, курортқа жетекшілік етеді. Ол – аса тәжірибелі, осы саланың білікті әрі беделді мамандарының бірі. Менің ойымша, Орталық Азияның жүрегінен орын тепкен біздің курорт өзбек елінің шағын Куршавеліне айналады.     

Мамандар курортттың ашылуымен елге қысқы спорт сүйер қауымның ағыны артып, өз кезегінде Өзбекстанның туризм саласының дамуына өз септігін тигізетініне сенімді. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: sputnik-georgia.ru