Қырғызстанда жасыл технологиялар іс жүзінде

Энергия үнемдегіш жүйелер мен қайта жаңартылатын қуат көздерін қолданысқа енгізу.

Бішкекте 20-ға жуық компания өздерінің жасыл ноу-хауларын таныстырды. Жасыл жобалардың негізіне электр қуатын, жылу мен суды, басқа да ресурстарды үнемдеудің түрлі қағидалары мен әдістері алынған. Бүгінгі күні заманауи қондырғылар төмен өндірістік және қаржылық шығындармен жұмыс істеу үшін жасалады.

Атап айтқанда, арнайы электрондық қосымша тұрғын үйдегі барлық бақылау құрылғыларының жұмысын қадағалайды, нәтижесінже артық шығындарға жол берілмейді.

ЧЫНГЫЗ УСЕНОВ, ҚОСЫМШАНЫ ӘЗІРЛЕУШІ:

– Біздің технология ресурстарды тиімді пайдалануға арналған түрлі құралдарды желіге қосуға мүмкіндік береді. Электр энергияны, газ бен жылуды, суды есептегіш құралдар. Осылардың барлығы тұтынылған ресурстардың көлемі туралы мәліметтерден басқа, сапалық мәлімет те береді. Атап айтқанда, қуат, кернеу, температура, гигокалория және тағы басқаларын. Есептегіш құралдардың бәрі сымсыз және аса тиімді.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде бүкіл әлем болашақта энергетикалық тиімді өмір сүру үлгісін іздеп келеді. Осындай өзекті мәселенің шешімін іздеуге қырғызстандық жобалаушылар мен құрал-жабдықтарын өндірушілер де өз үлестерін қосуда.

ТАТЬЯНА ВЕДЕНЁВА, ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

– Мысалы, біз бүгінде өзіміз өндіретін электр энергиясын түгелдей тұтынып отырмыз. Сол себепті жақын уақытта бизнес те, үй шаруашылықтары да энергетикалық тиімді жасыл шешімдерді іздей бастайды. Яғни, мәселені шешу қажет болады. Осы нарыққа қатысушылар үшін тиісті заңнамалық база әзірленген соң, бұл үрдіс тек күшейе береді деп ойлаймын.

Орталық Азия аймағындағы мемлекеттерде жасыл энергия көздерінің барлық түрлерін дамытуға мүмкіндік бар.

Соның ішінде, күн қуатын тиімді пайдаланудың әлеуеті зор болғандықтан, күн панельдерінің өндірісін жолға қою аса тиімді болмақ, дейді мамандар.

Бұған қоса, инженерлер жердің жылу қуатын пайдаланып, тау өзендерінде шағын гидроэлектрстанцияларын салуды, ал шаруа қожалықтарын жел электр станцияларымен қамтамасыз етуді ұсынады. Яғни, жасыл энергияны алу мен үнемдеудің әдістері мен жолдары жеткілікті. Және осы бағытта ғылыми ізденістер жалғаса берсе, «жасыл экономика» құруға мықты негіз қалауға болады. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: eco.tatarstan.ru