Қырғызстанда жасыл экономика апталығы өтіп жатыр

Экологияны сақтап, сарқылып баратын табиғи қорды ысырап етпей жаңа технологиялар мен қызмет түрлерінің нарқын қалыптастыру. Бішкекте жасыл экономика апталығы аясында өткен ғылыми-тәжірибелік конференция барысында баламалы қуат көздерінің әлеуеті талқыланды.

АЙДИН ШАРШЕЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ХАТШЫСЫ:

-  «Жасыл экономика апталығы аясында елдің әр аймағында 37 іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың әрбірінде біздің мемлекеттің тұрақты дамуына қатысты өзекті мәселелерге ерекше көңіл бөлінетін болады.  

Қазіргі таңда Бішкектің инфрақұрылымдық жүйесіне жаңартылған энергия көздері барынша ендіріліп жатыр. Мәселен ел астанасынның қонақүйлерінің бірінде 10 панельді күн коллекторы орнатылған. Оның қуаты үш тонна суды жылытуға жетеді.

Сарапшылардың айтуынша, республика көлемінде жасыл технологиялардың үлесі белсенді түрде өсіп келеді. Өйткені бұндай жобалар өндірістің қарқынын жоғалтпай, қуат шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Энергетикалық тиімді бастамалар машина жасау саласында да кеңінен қолға алынуда.

КЫЛЫЧБЕК ДЖАКЫПОВ, «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫ:

 - Жалпы елімізде электрокөліктер жинау өндірісі дамып келеді. Былтыр олардың саны 10 бірлікке жетті. Бүгінгі таңда халықтың дені электромобильдердің тиімділігін ескерумен қатар, экологияға кері әсері аз тиетін таза көлік екенін түсіне бастады.

«Жасыл экономика» апталығы барысында технологиялық көрмелер мен мамандандырылған семинарлар, оқыту тренингтері, тәжірибелік кездесулер ұйымдастыру жоспарланған. 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: akchabar.kg