Өзбекстанда «INNOWEEK-2019» инновациялық идеялар апталығы өтіп жатыр

Халықаралық инновациялар жәрмеңкесі, инновациялық-инвестициялық форум және робототехника бойынша жастар чемпионаты осы күндері басты оқиғалардың бірі болды.

«INNOWEEK-2019»-ға қатысу үшін Австрия, Ұлыбритания, Италия, Израиль, Ресей, Түркия, Қазақстан, АҚШ сияқты барлығы 30 елден ғылым саласындағы жетекші мамандар келді.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, инновациялық идеялар апталығының негізгі мақсаттарының бірі елдің бәсекеге қабілеттілігінің және халықаралық аренадағы инновациялық дамудың негізгі факторы ретінде адами капиталды дамыту болып табылады.

ДЖАМОЛИДДИН БАБАХАНОВ, ӨЗБЕКСТАННЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ КОММЕРЦИЯЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ӘЗІРЛЕМЕЛЕР ТРАНСФЕРТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

-  Мұнда коммерцияландыру алаңында сіз коммерцияландыруды іске асыру үшін венчурлік қаржыландыру түрінде банктер тарапынан қаржыландырылған жобаларды көресіз. Бұл ғылым инновациялық экономика үшін жұмыс істеуі үшін жасалған. Бүгінгі күні коммерцияландыру нәтижесінде 26 миллиардтан астам сомға өнім өндіріліп, оның 20 миллиардтан астам cомасы сатылды. Бүгінгі таңда 100-ден астам жұмыстар коммерцияландырылуда.

Ұсынылған жобалар инвестиция тартуға үлкен көмек болып келеді.  Ұйымдастырушылардың айтуынша, Орталық Азиядағы бірегей платформа жаңа келісім-шарттар жасауға мүмкіндік беріп қана қоймай, тәжірибе алмасуға да өз септігін тигізеді.

ДИАС БАКАСАРИН, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:

- Біздің компания оқу құрал-жабдықтарын жеткізумен айналысады. Бүгінде білім беруде үлкен өзгерістер жүріп жатыр, көптеген мектептер жабдықтарды жаңғыртуды, жаңартуды бастауда. Яғни, олар интерактивті панельдер қояды, робототехниканы пайдаланады, мектеп жасынан бастап заманауи оқыту әдісін жүргізеді, сондай-ақ жасанды интеллектке оқыта бастайды. Біз мұның барлығы болашақ екенін түсінеміз. Біз бұл көрмеге алғаш рет қатысып отырмыз. Қазіргі таңда біз білім министрімен кездесіп үлгердік.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: infocom.uz