Қырғызстан цифрландыру саласын дамытуда

Қырғызстанда ғаламтор желісіне қолжетімділік арттырылып, жаңа сандық технологиялар барынша ендіріліп жатыр. Бүгінгі таңда ел көлемінде Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Digital Casa» жобасын жүзеге асыру қолға алынған.

Мақсат – республиканы тегістей кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етіп, Қырғызстанды аймақтық және әлемдік «Цифрлық экономика» саясатына кірістіру. Бұл дегеніміз, бірінші, кезекте сапалы электронды мемлекеттік қызметтер ұсыну мен саланың аса тапшы мамандарын дайындау, жаңа жұмыс орындарын ашу дейді, мамандар. Жобаны жүзеге асыруға 50 млн доллар көлемінде қаржы бағытталған.

БАҚЫТ ОМУРЗАКОВ, DIGITAL CASA  ЖОБАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Digital Casa» жобасының аясында ВОЛС магистральді желісінің құрылысын жаңғырту көзделген. Бізде Қытай және Қазақстанмен тікелей байланыстыратын сыртқы магистральдік желілер тартылған. Сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен де шектесіп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Жаңа желілер Джалал Абад өңірінде төселетін болады.

КАЛЫБЕК АКМАТОВ, ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

-  Егер тәжірибелік тұрғыда айтатын болсам, жоба жүзеге асқан соң, үйден шықпай-ақ мобильдік қосымшалар арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігі туады.

Мәселен, біздегі балаларды балабақша кезегіне тұрғызу, мектепке қабылдау. Бұл жоба тегістей елді қамтиды. Ол жастармен қатар, егде жастағы азаматтар үшін жасалып жатқанын ерекше атап өткім келеді.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: infostart.ru