Бішкекте Талғат Миррахимовтың жеке көрмесі ашылды

Азия құрлығы мен Шығыс әлемінің құдіреті. Бұл тақырып танымал суретші Талғат Миррахимовтың шығармашылық шабытын оятты. Бұған Бішкек қаласындағы ұлттық бейнелеу өнері мұражайында ашылған жергілікті қылқалам шеберінің жеке көрмесінде көз жеткізуге болады.

Көрмеге қойылған әр туынды Азияның ғасырлар бойы қалыптасқан бай тарихына үңілтіп, жергілікті халықтың дәстүрлі тұрмыстық салтына еріксіз жетелейді. Талғат Миррахимов шығармашылығындағы басты ерекшеліктің бірі – бейнелердің ассоциативті техникада орындалуы. Бұл мәнер оның пейзаждарында да көрініс табады.

ТАЛҒАТ МИРРАХИМОВ, СУРЕТШІ:

 - Әрине табиғаттың әсем көріністерін ұдайы бейнелеп тұрған дұрыс. Себебі пейзаждық туындылар суретшінің шабытын оятады. Бояу мен түстердің қанықтығына машықтайды. Сондықтан да қолым кілт ете қалса, бірден қоршаған ортадан шабыт іздей бастаймын. Бұл реңдерді жақсы танып білуге көмектеседі. Көзді жаттықтырады. Аты аңызға айналған суретшілердің өзі бұған үлкен мән береді.   

Талғат Миррахимов еңбек жолын көрмені көркемдеуші қызметінен бастаған. Кейін шығармашылық жұмыс төл туындыларын дүниеге әскелуге себепші болған. Оның философиялық болмысқа толы еңбектері ішкі жан дүниесін әлемге танытты.

ЕЛЕНА ШНЫРЁВА, ӨНЕРТАНУШЫ:

 - Ол сурет салудан тынбайды. Алдымен шағын еңбектер жазды. Кейін аға буынның тобына ілесіп, іздерін лайықты түрде баса алатынын дәлелдеді. Тәжірибелі қылқалам шеберлері оны Қырғызстан, Қазақстанда өтетін түрлі көрмелерге бірге ертіп жүрді. Осылай шеберлік жинап, шыңдала түсті. Ол отбасын асырау үшін тынбай еңбектенді. Әрдайым ізденісте жүреді. Ең бастысы, көркем өнерге деген құштарлығы сарқылған емес.   

Талғат Миррахимовтың шығармашылығы Еуропаның өнер сүйер қауымына Түркі әлемін өзге қырынан ашты.

Суретшінің айтуынша, ол өзінің пейзаждық, портреттік және натюрморттық еңбектерінің барлығында да Түркі халықтарының бірегейлігін танытуға тырысады. Бұл – көркемөнер тілімен берілетін реализм. Философиялық тұрғыда жеткізілген өмір шындығы. Осындай қарапайым ғана дүниелердің мәнін ашу арқылы ол өзінің қайталанбас қолтаңбасын қалыптастыра білді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

Фото: 24.kg