Елордада «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумы өтті

Орталық Азия мемлекеттері су ресурстарын тиімді басқару және техникалық стандарттау саласындағы оңтүстіккореялық тәжірибені меңгеруге ниетті.

Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тлеуберді елордада «Орталық Азия – Корея Республикасы» XII ынтымақтастық форумында мәлім етті. Алқалы жиынға өңірдегі бес мемлекеттің және Оңтүстік Корея елі сыртқы саясат ведомстволарының өкілдері келді. Кездесуге қатысушылар энергетика, минералдық ресурстар, құрылыс, көлік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, мәдениет және білім салаларындағы ынтымақтастықтың бағыттарын талқылады. 

МҰХТАР ТЛЕУБЕРДІ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Қазақстанның сыртқы саясаты тең құқылы және өзара сенімге негізделген диалогты ілгерілетуге және Орталық Азия елдерінің сауда-экономикалық байланыстарын нығайту үшін біздің республикалардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған. Бүгінде Орталық Азия – әлемдегі ең қарқынды дамушы аймақтардың бірі, оның стратегиялық орны маңызды, адами және экономикалық әлеуеті жоғары, табиғи және өнеркәсіптік ресурстары мол.  

Фото: kabar.kg