Орталық Азия елдерінің этникалық сән үлгілері

Киімдердегі шығыс өрнектері, киізден жасалған әшекейлер және ұлттық оюлармен безендірілген орамалдар. Бүгінде Орталық Азия елдерінің дизайнерлері өз топтамаларында этникалық нақышты жиі пайдаланып жүр. Сәнгерлердің айтуынша, халық дәстүрлеріне негізделген стилистік шешімдер сәнқойлар тарапынан зор сұранысқа ие. 

АЙДАНА МИНАЙДАРОВА, ДИЗАЙНЕР /ҚАЗАҚСТАН/:

-  Бүгінде отандық дизайнерлер біздің әжелеріміз пайдаланған материалдарды қайта қолданысқа енгізіп, мүлдем жаңаша сипатта, күнделікті киюге жарамды, ерекше дүниелерді жасап жүр. Бұл биік сән әлемінде аса бағаланады. Меніңше, әлемдік үрдіске өзіміздің мәдени бірегейлігімізді көрсететін материалдарды, өрнектерді, түстерді енгізген дұрыс.

Көптеген дизайнерлер үшін этностиль прет-о-порте әлемінде өзін танымал еткен символға айналған. Өйткені ол шынымен де айрықша. Ең бастысы – киім мен аяқ-киім тек қана табиғи материалдар мен маталардан жасалады. Көбінесе жібек, мақта, жүн, былғары және зығыр қолданылады. Ортаазиялық өңірден шыққан жас дизайнерлердің көз тартар жұмыстары оларға жаңа фэшн-кеңістіктерді бағындыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұған қоса, олар өз мысалдарымен әріптестеріне шабыт сыйлап келеді. 

ИРИНА БАЙЖАНОВА, СӘН САРАПШЫСЫ:

-  Осыдан 3 жыл бұрын Дрис Ван Нотеннің өзбек өрнектерімен көмкерілген топтамасы жарық көрді.  Сол кезде барлығы таңғалып, тамсанған еді. Міне, Орталық Азия мәдениеті әлем дизайнерлерін осылай шабыттандырады.

Сарапшылардың айтуынша, сән үрдістерінен қалып қалмау үшін ұлттық киім кию міндетті емес. Тек шағын этникалық элемент қоссаңыз жетіп жатыр. Дизайнерлер де сәнқойлардың көңілінен шығу жолдарын тапқан сияқты. Олар ұсынған стилистік шешімдер әлемдік трендтермен керемет үйлеседі.

ЛЮДМИЛА МИХАЙЛОВА, ДИЗАЙНЕРЛЕРДІҢ КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ /ФРАНЦИЯ/:

-  Әрбір елдің, әрбір халықтың өз тарихы бар. Ол міндетті түрде өнерде көрініс табады. Дизайнерлер де өз жұмыстарында өз елінің мәдениетіне үлес қоса алады. Меніңше, осы ретте Қазақстанның сән арқылы әлемге ұсынары көп.

Орталық Азия халықтарының ұлттық нақыштары еуропалық сән стилімен керемет үйлесетінін жыл сайын өтетін сән апталықтарынан-ақ байқауға болады. Бүгінде мұндай шаралар аймақтық және халықаралық деңгейде жиі ұйымдастырылады. Ортаазиялық этностильдің айрықша рухынан шабыт алған шетелдік дизайнерлер көбейіп келеді.

Авторы: Әйгерім Әкімжанова

Фото: liza4u.kz