Қырғызстанда «Ош Фест-2019» туризм фестивалі өтті

Қырғызстанда екінші рет «Ош Фест-2019» туризм фестивалі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – қаланың жағымды бейнесін қалыптастыру және оның туристік тартымдылығын арттыру. Мерекелік іс-шараны шығыс керуені ашты. Ол бірнеше ғасыр бұрынғыдай қала көшелерімен салтанатты түрде жүріп өтті. Айта кету керек, Ош ежелден Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда, әлеуметтік-экономикалық және мәдени орталық болған. Шығыстан Батысқа жүретін керуендер осы қалада тоқтайтын. Фестиваль ұйымдастырушылары осы тарихи көріністі көрсетуге шешім қабылдаған, - деп хабарлайды Kazakh TV арнасының тілшісі.

БУСАДАТ САТЫБАЛДИЕВА, АЛАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Орта ғасырларда Ош арқылы сауда жолы өткен. Саудагерлер өз тауарларын Үндістанға, Иранға алып барған. Олар мыңдаған шақырымды осындай керуенмен бағындырған.

Сондай-ақ шара аясында жәрмеңке, қолөнер бұйымдарының көрмесі, түркі халықтары суретшілердің сурет галереясы, этносән көрсетілімдері, халық музыкасының концерті және театрландырылған көріністер ұйымдастырылды.  Мазмұнды әрі көрікті бағдарлама қонақтарды баурап алды. Олардың арасында туристер көп.

САУАЛНАМА:

- Мереке өте қызықты. Түрлі халықтардың салт-дәстүрлері, мәдениеті көрсетілді. Бәрі біз үшін өте танымды және қызықты болды.

- Шығыс базарын өз көзіммен көріп, қолөнершілердің еңбектерін тамашаладым. Бәрі керемет.

Ұйымдастырушылар шараны игі дәстүрге айналдыруды көздеп отыр. Себебі тәжірибе көрсеткендей, шара өңірге көптеген шетелдік саяхатшыларды тартады. Осындай алғашқы туристік фестиваль осыдан 2 жыл бұрын Қырғызстанның Ош қаласында өткен.

Авторы: Ақзер Сегізбаева

Фото: kabar.kg