Өзбекстан жастары қазақстандық жоғары оқу орындарын таңдайды

Өзбекстан жастары қазақстандық жоғары оқу орындарын таңдайды. Былтыр елімізде көрші елден 12 мыңнан астам талапкер оқуға қабылданған. Ал биыл бұл көрсеткіш арта түспек. Бұған қашықтықтан білім беру жүйесінің мүмкіндігі септігін тигізді. Талапкер санына да шектеу қойылмаған, дейді мамандар. Еліміздің іргелі оқу орындары Өзбекстанда құжат қабылдау науқанын ұйымдастырды. Әсіресе, көлік тасмымалы, темір жол, педагогика және электр энергиясы мен ақпараттық технология мамандығына деген сұраныс жоғары. Қазақстанда білім беру жүйесіне енгізілген өзгеріске сәйкес, шәкірт пен оқытушы арасындағы байланыс интернет арқылы онлайн режимде жүргізіледі. Студент Өзбекстанда отырып, тапсырма алады және оны қалаған уақтында орындайды. Тіпті колледж бітірген түлектер де екінші мамандық бойынша біздің елді таңдап отыр.

ДИАНА КАМИЛОВА, ҚАРАҚАЛПАҚСТАНДЫҚ ТАЛАПКЕР:

-  Мен Ташкент қаласында банк ісі бойынша қанигерлікті тәмамдадым. Орта арнаулы колледжі. Енді ары қарай жоғарғы оқу орнына түспекшімін. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мелекеттік университетін таңдадым.

ЕҢЛІКХАН ҚОЗЫБАЕВ, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАШЫҚТЫҚТАН БІЛІМ БЕРУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Жалпы Өзбекстан жастары үшін деп бізде шектеулі орын жоқ. Талап білдірген студенттердің бәрін мүмкіндігінше қабылдауға тырысамыз. Өйткені қашықтықтан білім беру технологиясы сондай мүмкіндікті береді. Өйткені қашықтықтан білім беру технологиясы арқылы жасалған білім беру порталының мүмкіндігі өте көп.

Фото: Хабар 24