«Central Asia’s Got Talent» жобасында жартылай финалистер таңдалды

15 қыркүйекте «Хабар» телеарнасында Central Asia’s Got Talent телебағдарламасы басталды. Әр жексенбіде көрермендер Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген қатысушылармен танысады. Айта кетейік, бүгінде төрешілердің қатысуымен өткен тыңдалым түсірілімі аяқталып, жартылай финалистер таңдалды.

СЕРІК АКИШЕВ, ЖОБАНЫҢ БАС ПРОДЮССЕРІ:

 - Жобаға қатысушылар тек  елордадан ғана емес, сонымен қатар олардың арасында аймақтардағы үлкенді-кішілі қалалардан, ауылдардан, кішігірім елді-мекендерден келгендері де бар. Олардың ішінде кейбір ірі жобаларға қатыса алмаған, өтпеген талант иелері болуы мүмкін.

«Орталық Азия талантты іздейді» - «Хабар» Агенттігінің жобасы. Ол әйгілі британдық «Got Talent» телевизиялық байқауы форматында жасалды. Бірақ «Хабар» Агенттігі көрсетілім шеңберін кеңейтуді және оны бірден 4 елде өткізуді ұсынды. Шоуда қазақстандықтар үшін ең қиын кезең – әділқазылар алқасының сынынан өту болды. Себебі жүздеген үміткерлердің ішінен тек 24-і жартылай финалға өтуге жолдама алды.

АЙКҮМІС СЕКСЕНБАЕВА, «ХАБАР» АРНАСЫ БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - «Got Talent» форматы бүкіл әлемге танымал, тіпті Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сондықтан біз бол жобаны өз елімізге бейімдеп қабылдадық. Бұл формат Орталық Азияның барлық елдеріне қызықты болады деп ойлаймыз. Жасы мен таланты бойынша шектеулер жоқ. Сондықтан «Хабар» арнасының көрермендері мен бізді өңірлерде қолдаған барлық телеарналардың көрермендері өздерінің отандастарын және басқа көрші елдердегі қатысушыларға қолдау білдіреді деп  сенеміз. Негізгі мақсат – жаңа есімдерді анықтау, дарындылығын көрсету және ашу.

22 желтоқсанда «Хабар» телеарнасында таланттар шоуының финалы өтеді. Нәтижелері бойынша, төрт елден төрт жеңімпаз және жобаның бас финалисті анықталады.

Фото: tj.sputniknews.ru