Тәжікстанның ежелгі мәдениетінің куәсі - Гиссар бекінісі

Ұлт шежіресімен, мемлекет құрылу тарихымен құнды. Тәжікстанның тұмса табиғатымен қатар киелі мекендер мен жергілікті халықтың өткені шетелдік туристердің назарын жаулап келеді. Бүгінгі таңда елде 3 мыңнан астам көне ескерткіш бар. Сырттан келген саяхатшылардың дені Гиссар тарихи-мәдени қорығына бас сұқпай кетпейді. 17 гектардан астам аумақты алып жатқан кешен Ұлы Жібек жолындағы керуен қаласының негізінде құрылған.

ЖЕҢІС ЕРМҰҚАНОВ, ТІЛШІ:

 - Тура 500 жыл бұрын жаңартылған көне бекіністің қақпасы Орталық Азия халықтарының мың жылдық тарихы тұнып тұрған мына тастардың негізінде салынған.

Бекініс қақпасы бұзылуға ұшыраған 16 қамалдың орнында көтерілген. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарына дейін Шығыс Бұхара Әмірлігінің астанасы болған Гиссар б.з.б. 8 ғасырға дейін «Шумон» яғни «жер маңдайы» деп аталған. Жалпы шаһар тарихы тереңде жатыр, бағзы заманнан бастау алады. 

АҚМАЛ ХАМИДОВ, «ГИССАР ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҒЫ» БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ /ТӘЖІКСТАН/:

 - 1946 жылы археолог Алексей Павлович Окладников осы мекеннен тас дәуіріне тән жәдігерлерді тапқан. Ол көне қалдықтар шамамен 8 мың жылдық тарихы бар мәдениетке жатады. Сондай-ақ қола кезеңінің моласы анықталды. Жерлеу рәсімінің жасалғанына 4200 жыл болған. Осының бәрі Гиссардың тарихы бай әрі ежелгі қала екенін айғақтайды.

Тіпті б.з.д. IV ғасырда бұл қасиетті мекенді Ескендір Зұлқарнайынның әскері басып алғандығын дәлелдейтін жәдігерлер де көптеп табылған. Оның бірі –жақында құрылысы жаңғыртылған амфитеатр.

АҚМАЛ ХАМИДОВ, «ГИССАР ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҒЫ» БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ /ТӘЖІКСТАН/:

 - Бұл жерде гректер билік құрғанын айғақтайтын археологиялық жәдігерлер бар. Осы аймақта олардың ғұрыптық салтына жататын мола анықталды. Және Гиссар бекінісінде Кариинск орденніне тиесілі мына капитель табылды. Бұның бәрі Гиссар Империя құрамына кіріп, осы мекеннің Орталық Азия аймағындағы ірі деген тарихи оқиғалардың ошағы болғанын растайды.  

VI ғасырда қамал Парсы Империясының қарамағында болған. Араға екі дәуір салып, билік толықтай Ислам әмірлерінің қолына көшкен. Мәселен, Саманидтер, Хазневидтер, Шыңғысхан Империясының Шағатай ұлысы мен Темір әулетінің жұрнақтары көне медресе, кесенелер мен мешіт сынды діни нысандар бүгінде қайта қалпына келтіріліп жатыр.

ЖЕҢІС ЕРМҰҚАНОВ, ТІЛШІ:

 - Көк тіреген Гиссар таулары, Тәжікстанның астанасы ат шаптырым жерде жатыр, Гиссар алқабы алақандағыдай. Тамаша көрініс. Бұл – теңіз деңгейінен 850 метр биіктігінде орналасқан бекіністің ең биік шыңы. Бұл шыңда Гиссар билеушілерінің сарайы орналасқан. Қазір көне жәдігерді жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл маңда мұражай кешені бой көтеретін болады.

Жаңғыртуды талап ететін тарихи нысандар жетіп асады, дейді мамандар. Бүгінде Гиссар алқабындағы нысанның тек 20% ғана зерттелген. Сырға толы жұмбақ мекен тарихқа тұнып-ақ тұр.

АҚМАЛ ХАМИДОВ, «ГИССАР ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҒЫ»:

 - Бұл мекен тарихқа бай. Оны басқан әрбір жерден көруге болады. Мұқият қарасақ, мыңдаған жылдар бойы халық тұрмыста қолданылған көне заттар табылады. Мәселен, мына жерде қыш ыдыстың түбі жатыр. Кемінде 1000 жылдық тарихы бар.   

Орта Азия халқының мың жылдық ғұмырын бастан кешкен бекініс әлем кезіп жүрген туристердің үлкен қызығушылығын тудыруда. Былтыр ғана бекініспен 9 мыңға тарта шетел саяхатшысы танысып үлгеріпті.

НОТИХ ТОРАБИ, ТУРИСТ /ФРАНЦИЯ/:

 - Мен Душанбеге алғаш рет келіп тұрмын. Елдің тарихымен бұрыннан қызығатынмын. Сәті түсіп, Тәжікстан жеріне турист ретінде аяқ бастым. Гиссар бекінісін толықтай тамашалап үлгермедім. Бірақ бұл мекеннің Иран, Тәжікстан, Ауғанстан мен Өзбекстан сынды Азия халықтарының ортақ мәдениетінің шоғыры екенін жақсы білемін. 

МАСТОНА ОРИФОВА, ТӘЖІКСТАН ТҰРҒЫНЫ:

 - Гиссар – тәжік халқының бай тарихынан сыр шертетін қала. Бұл – тек тәжік халқының ғана мұрасы емес, барша Орталық Азия аймағы елдерінің мақтанышы.

Бұл жергілікті халқының архелологиялық тұрғыда бай тарихын дәлелдейтін жәдігерлердің бір бөлігі болса, өткеннен сыр шертетін жазба деректердің дені Ұлттық кітапхана қорында шоғырланған. Шығыс қолжазбалары және сирек кезігетін көне кітаптармен осы жерден танысуға болады.

САЙОРА КАРИМОВА,  ТӘЖІКСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

 - Ең көне кітап адамзаттың пайда болуы жайында жазылған «Табари тарихы» деп аталады. Мұхамед пайғамбардың өмірін баяндайтын Сиари Шарифтің еңбегі көлемі мен салмағы бойынша ең үлкен кітап саналады. Оның салмағы 7,5 кг. құрайды. Бізде алтын әріптермен басылған 700 жылдық тарихы бар құранмен танысуға болады. Литографиялық тәсілмен жазылған кішкентай құранды алақанға салып үлкейткіш әйнек арқылы ғана оқи аласыз.  Оның салмағы 1,6 грамм. Сондай-ақ бөлімде Гиссар бекінісінде табылған жануарлардың терісіне жазылған XII ғасырдың сатып-алу келісімі сақтаулы. 

Жалпы рухани азық мекенінде 10 млн данаға шақталған 28 кітап қоймасы бар. Бүгінде қорда 6 млн кітап сақтаулы. Оның 100 мыңы электронды үлгіге көшірілген. Сондай-ақ жарты миллионға жуық ғылыми диссертация сандық жүйеге келтірілген.

ЖЕҢІС ЕРМҰҚАНОВ, ТІЛШІ:

 - Шетел бөлімінің өзінде жаһандық өркениеттен сыр шертер 90 мыңға жуық кітап қоры бар. Олар әлемнің 42 тілінде жазылған. Олардың қатарында Қазақстанның тарихы, мәдениеті және әдебиетімен танысуға мүмкіндік жасалған.

Танымдық мекеме 1500 адамға арналған 25 оқу залымен қамтылған. Негізгі оқырмандарының қатарында жасөспірімдердің қарасы қалың.

РОЗА БЕКОВА, ТӘЖІКСТАН ТҰРҒЫНЫ:

 - Мен кітапханаға 7 жасымнан бері келіп жүрмін. Өлеңдер мен ертегілер оқығанды ұнатамын. Ауыл, әлем туралы жырлар мен түрлі халық ертегілерін білгім келеді.  

СИОВУШ ХАМИДОВ, ТӘЖІКСТАН ТҰРҒЫНЫ:

 - Мен тарихи кітаптарды сүйіп оқимын. Барлық елдердің тарихымен танысқым келеді. Маған танымдық энциклопедиялар мен ертегілер де аса қызық.

ЖЕҢІС ЕРМҰҚАНОВ, ТІЛШІ:

 - Мына ауқымды қабырға суретінде тәжік халқының 5 мың жылдық тарихы қамтылған.  Оны халық суретшісі Сабзали Шарипов жиырма бір жыл бойы жазыпты.

Бұл Орталық Азия аймағындағы көлемі бойынша ең үлкен кітапхана. Ұлттық рухани қор 45 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Сәулетті ғимараттың сыртқы көрінісі ашық кітапты бейнелейді. Ал қасбетін айнала Тәжікстанның ғұлама ойшылдары мен ұлы қаламгерлерінің мүсіндері қоршап тұр.

ЖЕҢІС ЕРМҰҚАНОВ, ТІЛШІ:

 - Тәжік жері өздерінің иығы жер иіскемеген палуандарымен де әйгілі. Ұлттық мейрамдарының бірі де гуштенгурисіз өтпейді. Дәстүрлі күрес түрінің тарихы сонау V-VI ғасырлардан бастау алады.

Эмомхусейн Умаров көне тарихы бар Орталық Азиядағы еркін күреспен спорттың бірнеше түрін қатар алып жүр. Небары 3 жасында салауатты өмір салтын ұстануға белді бекем буған дарын иесі Гиннестің рекордтар кітабына енген. Жаттығуларын үзбеген жас палуан араға 4 жыл салып, 6 сағат 20 минут ішінде қолдарын тоқтаусыз бүгіп-жазып, 11 мың мәрте кеудесін жерден көтерген.

ЭМОМХУСЕЙН УМАРОВ, СПОРТШЫ:

 - Мен 8 жастамын. Спорттың кез келген түрімен айналыса беремін. Болашақта әлем чемпионы болу үшін күнделікті жаттығамын.

Гуштингиридің хас шеберлерін «палван» - батырлар деп атайды, олар халық арасында танымал әрі сыйлы. Бұл топырақ талай сайыпқыранды түлетті.

БЕРУЗ ХОДЖАЗОДА, КҮРЕСТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

 - Мен самбо күресінен әлем чемпионы атандым. Ол үшін 14 жыл бойы жаттықтым.  Палуандар әлеміне өзіміздің гуштенгири ұлттық күресі арқылы келдім. Қазір ел жастарының дені осы күрес түрімен айналысатынына қуаныштымын. Әсіресе елді мекендерде ежелгі ережелер жақсы сақталады. Онда белдесулер топырақ, құм үстінде өтеді.

Гуштингири қазақтың белбеу күресіне ұқсас, тек тәжік тартысындағы амал-тәсілдері мен ережерерінде біршама өзгешеліктер бар. Иық тіресу сәтінде аяқтан шалу, қапсыру, түру мен белбеуден ұстап лақтыру айлалары бар. Өзге күрес түрінде жоқ қармау әдісі қолданылады. Қарсыласының жауырынын жерге тигізген таза жеңіске жетеді.

АБДУРАШИД КИШВАРЗОДА, «ГУШТЕНГЕРИ» ҰЛТТЫҚ КҮРЕС ФЕДЕРАЦИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - «Гуштингири» федерациясы халықаралық маңызға ие болу үшін басқа елдерде федерациялар ашу қажет. Әсіресе Наурыз мейрамы тойланатын Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Түрікменстан, Үндістан мен Иран аумағында. Қазір қырғыздың «күрәш», қазақ ұлттық күрес федерациясымен осыған қатысты келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Тәжікстан – шежірелі тарихын, төл мәдениеті мен ұлттық дәстүрін құрмет тұтқан, көненің көзін заман ағымына сай жаңғыртып қана қоймай, кеңге насихаттай білетін бірден-бір ел.