Атқа міну мәдениетін білеміз бе?

Қолына құс алып, ит ертіп, атқа мінген ер жігіт – Орталық Азия нышандарының бірі.  Жергілікті көшпенділердің жылқыны ертеде қолға үйреткені тарихи деректермен дәлелденген. Қазақ – «тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп өскен ел. Қазанат мәдениет пен өнерінің ажырамас тұтас бір бөлігіне айналып кеткен. Жүйрік баптап, ат асырау – атадан қалған асыл өнерді Қазақстан аймақтарындағы атбегілер жалғап келеді.

ЖЕҢІСБЕК ЕТІРЕКОВ, ШАБАНДОЗ:

 - Ат – ердің қанаты. Атты бағалай білу керек. Оның жан дүниесін түсініп білу керек. Әр аттың өзінің сыры бөлек қой. Жүріс-тұрысы, мінезі, еркелігі бар, соны түсініп білу керек.

Мұнда өсірілетін Адай жылқылары - мініске шыдамды, кез келген ауа райына, ыстыққа да, суыққа да төзімді келеді. Жыл он екі ай жайылымды ғана пайдаланатын, қосымша азықты қажет етпейтін бұл тұқым күтім талғамайды. Теңіз суын ішетін жалғыз жануар. Жүйріктері ұзаққа шабады, 40-50 шақырымға шаршамай, еркін жетеді. Арнайы сынақтарда тәулігіне 300 шақырымды жүріп өткен кездері болған.

АМАНҒАЛИ БАҒДАБАЕВ, АТБЕГІ:

- Басқа аттардан ерекшелігі бұлардың жүрек соғысы өте төмен. Мысалыға, жалпы жылқыда 64 удардан жоғары болмайды. Ал бұл жылқыларда 32-38 көрсетіп тұра береді.

30 жылдан бері ат баптап келе жатқан Аманғали Бағдабаев соңғы уақытта ата-бабадан келе жатқан асыл мұрамыз -  атқа міну мәдениетінің дамуына да атсалысып келеді. Ол 100-ден астам балаға ат жалын тартуды үйретіпті. Жасөспірімдер бәйгеден өзге көкпар тартуды, аударыспақ пен теңге ілу секілді ұлттық ойындарды меңгеруде.

Фото: egemen.kz