Қырғызстанда ақылы жолдар пайда болады

Қырғызстанда ақылы жолдар пайда болады

Қырғызстанда ақылы жолдар пайда болады. Күре жолдарды қолданғаны үшін төлем алуды Көлік министрлігі ұсынған. Түскен қаражат жаңа жолдар салумен  қатар, қолданыстағыларын тиісті жағдайда ұстап тұруға жұмсалмақ.

НҰРЛАН ҚАЙЫНБАЕВ, ҚЫРҒЫЗСТАН КӨЛІК ЖӘНЕ ЖОЛДАР МИНИСТРЛІГІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Ақы алынатын жолдардың тарифы елдегі орташа жалақы мөлшеріне байланысты болады. Яғни халыққа ауыр тимеуі тиіс. Жүк көліктері мен автобустарға тариф төменірек болады. Жүк көліктері бір шақырым үшін шамамен 6 сом төлейді.

Көлік министрлігі,  ең алдымен халықаралық күре жолдарды  ақылы қылуды ұсынып отыр. Осыған орай Көлік министрлігі  қажетті  соманың  бір бөлігін көлік жүргізушілеріне артуды көздеп отыр.

АСАН АБИЕВ, КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІ:

-  Ақылы жолдар пайда болса, олар барынша жабдықталуы тиіс. Яғни түн кезінде толық жарықтандырылып, жол белгілері орнатылуы керек. Жолдың сапасы да өте жоғары болуы тиіс. Сондай-ақ көлік жүргізушілер таңдай алатын тегін жолдар да қарастырылуы шарт.

Көлік министрлігі жолдар үшін ақы біртіндеп енгізілетінін айтып отыр. Алдымен, тасымалдаушы компаниялар үшін, тек сосын ғана жекеменшік көлік иелері төлейтін болады. Сонымен қатар Қырғызстандағы бұл жаңашылдық  тек  2025 жылға  қарай енгізіледі деп жоспарланып отыр. Экономистер тиісті жұмыстар атқарылғаннан кейін түскен табыс жолдарды жөндеуге кететін қаражаттың 30 пайызын өтейтіндігіне сенімді.