Тәжікстанның сәулет өнері мен қолөнер шеберлері

Мәдениет – өркениеттің мәйегі, әр ұлттың қуаты мен кез келген мемлекеттің рухани азығының алтын діңгегі. Тарихы көнеден бастау алатын игі құндылықтардың арасында қолөнердің алар орны ерекше. Тәжікстан өзінің дәстүрлерін бәз-баяғы қалпында сақтап қалған бірден-бір ел.

Қазір озық технологиялар дамыған дәуір. Қоғамның бар саласында жаппай ендіріліп жатқан жаңашылдықтармен қатар ескінің көздерін бірге алып жүру оңай шаруа емес. Тәжікстан заман ағымынан қалыс қалмай жаңа мен көнені бір арнаға тоғыстырып, үндестігін таба білген ел. Әсіресе құрылыс саласында айқын байқалады.

Елде туризм, қолөнер және ауылды гүлдендіру ісі бір ізге салынған. Осы бағыттарды дамыту үшін арнайы бағдарламада құрылған. Оның жемісін көру қиын емес. Мәселен, елдегі әр ғимарат хас шеберлердің қолымен безендіріліп отырады.

Елдегі шайханалардың өзі құтты бір мұражай іспетті. Мәселен, мына зәулім сарайдың меймандары ұлттық тағамдардан дәм татып, шәймен сусындаумен қатар елдің тарихынан сыр шертетін керемет құрылыс мекенімен таныс бола алады. Сәулетті ғимарат толықтай жергілікті шеберлердің қолынан туған. 100 пайыз отандық өнім десе болады.

Әлемде көздің жауын алатын құрылыс мекендері жетіп асады. Сәулеті мен дәулеті жарасқан кейпімен өзіне еріксіз баурап алатын нысанның бірі тәжік астанасы Душанбе қаласында орналасқан десек қателеспеспіз. Үш гектарға жуық аумақты алып жатқан зәулім кешенннің негізгі ғимаратының биіктігі – 46 метр. Айналасы сан түрлі ағаш, өсімдіктермен көмкерілген саябақтар мен гүлзарларға толы. 

Сырты бүтін көрініске тамсанған жан ішке еніп тәжік қолөнерінің тарихына еріксіз шомылары сөзсіз. Бір уақытта 3200 адамды қабылдауға шақталған нысан алдымен елдегі ең үлкен ұлттық шайхана болады деп жоспарланған. 6 жылға созылған құрылыс барысында ғимарат нағыз хан сарайына айналды. Мұндағы 12 бірдей залда халық қолөнерінің інжу-маржандары шоғырланған. Әрбірі өзіне бөлек ерекше мәнерде орындалған залдардағы бағаналарға түскен ою-өрнектердің өзі бірін-бірі қайталамайды.    

БАРНО РАДЖАБОВА, КЕШЕННІҢ ГИДІ:

-  Біздің ғимаратта болған алғашқы оқиға – президентіміз 2014 жылдың қыркүйек айында ұйымдастырған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті. Айнамен қапталған ШЫҰ елдерінің тулары орналасқан шағын зал біздің қабырғада өткен тұңғыш тарихи оқиғаның естелігі ретінде жасалған. Алтын залымыз «Зарандут» деп аталады. Бұнда алғаш рет Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысы өтті. Бұл жиын көптеген әлем елдеріне тікелей эфирде таратылды.

Тәжік тілінен аударғанда атауы «алтын» деген мағына беретін зал атына сай алтынмен жалатылған. Биіктігі мен ені бірдей - 36 метр. Мұндағы күмбез Орталық Азияда ең үлкен саналады. 1116 көзі бар аспалы шамның салмағы 6 тонна 700 килограмм. Шамдарын ауыстырып күту үшін жүкшығыр механизмі орнатылған. Қабырғалары қыш пен ағаштан өңделіп, өрнектеліп жасалған.  

БАРНО РАДЖАБОВА, КЕШЕННІҢ ГИДІ:

 - Біздің кешеніміздегі ең үлкені – Мәрмәр залы. Ол «Гулистон» деп аталады. Онда ресми жиындар өтіп тұрады. Зал толықтай Сібір балқарағайынан жасалған. Онда тек қолмен ғана әрленген аумағы  6,5 мың шаршы метрді құрайды. Бағаналарындағы ойылған өрнектер бір-бірін қайталамайды. Іштегі айналары да шеберлердің қолымен безендірілген. Барлық аспалы шамдар жергілікті таулы тас минералынан жасалған. Бәрі көтеріліп, түсіріледі. Ең үлкені – 3 тонна. Еденнің өзі ағаштың 94 түрінен төселген. 

БАРНО РАДЖАБОВА, КОХИ НАВРУЗ САРАЙЫНЫҢ ГИДІ:

-  Келесісі – Мәрмәр зал. Ол «Аржанг» деп аталады. Аржангта жергілікті жерде өндірілетін жартылай бағалы тастардың 29 түрін кезіктіруге болады. Залдың құрылысында гранит пен мәрмәрді есепке алмағанның өзінде өзіміздің жер қойнауыннан табылған жартылай құнды тастардың 52 мың килограммы пайдаланылған. Ағаштан ойылған өрнектерде осы жерде бар. Сібірден әкелінген қарағайдан басқа материалдардың барлығы дерлік отандық өнім. Бірақ толықтай жергілікті шеберлердің қолымен жасалған. Сондықтан Аржанктада бағаналардағы оюлар сан түрлі. Мәрмәр залында 3 мың шаршы метр аумақ тастан қашалып жасалған қолдың еңбегі жатыр.

Қабырғаларда көне аңыз ертегілердің көрінісін тамашалап, тәжік ойшылдары мен ғұлама қаламгерлері қалдырған нақыл сөздерін оқуға болады. Көненің көздері негізге алып заманауи құрылыс мәнерінде салынған ғимарат – тәжік елінің жауһары, ұлт мақтанышы. Ескі мен жаңа тамаша үндесіп, ғасырлас сабақтастығының жарқын бейнесі іспетті.

БАРНО РАДЖАБОВА, КЕШЕННІҢ ГИДІ:

 - Әсем залдармен қатар кешенде боулинг, бильярд, 3Д кинотеатр, картинг, келген қонақтарымызға ұлттық тағамдар ұсынылатын шәйханамыз бар. Олардың барлығы да ұлттық нақышта безендірілген. Өйткені тәжік халқының тарихы бай. Ғимарат жаңадан салынғанымен ұлттық қолөнердің тарихы көне ғасырлар қойнауынан бастау алады. 

Кешеннің құрылысына елдің бар өңірінен 4 мыңға тарта темірден түйін түйген зергерлер мен тас пен ағаштан өрнек құрған хас шеберлер тартылған. Олардың қолымен нысанның 40 мың шаршы метр аумағы ұлттық нақышта өңделген.

Зәулім сарайдың көркін аша түсуге ағаш өңдеу шебері Доро Ниозов та өзінің сүбелі үлесінен қосқан. Өз ісінің хас маманының көне дәстүрге сай атакәсіпті жаңғыртып жүргеніне 35 жыл болған. Бабалар мұрасын сақтау үшін шәкірт тәрбиелеу ісіне аса ден қояды.

ДОРО НИОЗОВ, АҒАШ ӨҢДЕУ ШЕБЕРІ:

 - Ағашты көркем ою өнері бізге атадан балаға мирас болып жетті. Оның тарихы сонау біздің заманымызға дейінгі V ғасырдан бастау алады. Менің атам оның дәстүрін ағама қалдырды. Одан кейін мен үйреніп алдым. Қазір қасыма інілерімді жидым. Мақсатым – ұрпақтан ұрпаққа қалатын өнерді үзбей қыр-сырын меңгеріп алуларына септесу. 

Төл дәстүрдің жанашыры шәкірт тәрбиелеумен қатар біліп-түйгенін тәжірибе жүзінде кәдеге жаратып жатыр. Бүгінде ізбасарларымен шағын шеберхана ашып, елдегі түрлі нысандарды ұлттық нақышта әрлеуге атсалысуда.

АСЛАМДЖОН ШАРИПОВ, АҒАШ ӨҢДЕУ ШЕБЕРІ:

-  Бұл ежелгі халық қолөнері әулетімізді толықтай жұмылдырған отбасылық кәсіпке айналды. Ескіше сурет салу, ағаш, тас пен қыш өңдеу істерін бір арнаға тоғыстыруды қолға алдық. Мәселен мына жерде осының бәрі біріктіріліп үндестік тапқан. Осы нысанды әрлеу үшін 1 жыл 2 ай уақытымызды сарп еттік.

Бұл – қажырлы еңбекті қажет ететін кәсіп. Мәселен, 1 шаршы метр аумақты өрнекпен көмкеру үшін шебер шамамен 5 күн тынымсыз еңбектенуі керек. Бұл – ең қарапайым әдісіне жұмсалатын уақыт.

Бұл өнердің түрі шеберлікпен қатар аса шыдамдылықты, асқан дәлдікті талап етеді. Мәселен, мына кіреберіс есігі ғана 18 шебердің бір айлық еңбегінің жемісі.

Ұлттық қолөнер сақшыларының еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз емес. Үкімет шеберханалар ашуға демеу жасап, қолөнершілер 5 жылға дейін түрлі салықтардан босатылады. Халық өнерін кеңге насихаттау үшін де қолдау бар.

САРБОЗ НИОЗОВ, АҒАШ ӨҢДЕУ ШЕБЕРІ:

 - Біз өзіміздің қолөнерімізді сырт елдерде танытып жүрміз. Әсіресе Еуропа елдерінде сұраныс бар. Азия сынды өзге де аймақтар қызығушылық танытып жатыр. Жақында Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, көрме ұйымдастыруды жоспарлап қойдық. Онда өз өнімдерімізді ұсынып, шеберлік сабақтарын өткіземіз.

Тәжікстан – өз тарихын аса құрмет тұтатын ел. Түп тамыры тереңнен бастау алатын бай мәдениет пен дарын иелерінің шеберлігі үйлесіп, көздің жауын алатын талай қолданбалы туындыларды дүниеге әкелді. Осынау кереметтер заманауи сәулеттті құрылыста кеңінен көрініс тауып келеді. 

Фото: margaritka.tourister.ru