Орталық Азия жастары ынтымақтастықты күшейтпек

Орталық Азия жастары ынтымақтастықты күшейтпек

Әсіресе халықаралық ұйымдардың шеңберіндегі ықпалдастыққа басымдық берілмек. Мысалы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Жастар кеңесінің күн тәртібінде өңірдің маңызды мәселелерін шешу, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұру сынды тақырыптар тұр. Биылғы кеңес отырысына ұйымның Бас хатшысы Владимир Норов қатысты. Ол қарқынды дамып келе жатқан әлем ірі өзгерістерді бастан кешіп жатқандығын атап өтті. Сондықтан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Жастар қанатының жұмысы жалпы интеграцияны одан әрі дамытуда өте маңызды.

ВЛАДИМИР НОРОВ, ШЫҰ БАС ХАТШЫСЫ:

- Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының жалпы дамуы жауапты саяси шешімдерді қабылдауға деген жастардың қатысу деңгейіне де байланысты. Бүгінде біздің ұйым қызметінің көптеген салаларында жас азаматтар белсенділігінің өскені байқалып отыр. Сондықтан өткен отырыста Мемлекет басшылары жастарға бірлескен үндеу жасап, іс-қимыл бағдарламасын ұсынды. Құжат  жастарды жарқын болашақ құру жолындағы іс-шараларға тартуға, олардың рухани және зиялы дамуына жағдай жасауға, сепаратизмге, терроризмге, экстремизмге қарсы тұруға бағдарланған.

Өзбекстанның Жастар кеңесі Ұлттық бөлімінің мүшесі Эльбек Шукуров тек бірлесе атқарған жұмыстың арқасында ғана тиімділікке қол жеткізуге болады деп санайды.

ЭЛЬБЕК ШУКУРОВ, ӨЗБЕКСТАН ЖАСТАР КЕҢЕСІ ҰЛТТЫҚ БӨЛІМІНІҢ МҮШЕСІ:

- Бұл бағытта тиімді жұмыс істеу үшін жалғыз ел көп шаруа тындыра қоймас. Егер Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында жақсы ынтымақтастық жолға қойылса, тек Өзбекстан мен көршілес елдердің ғана емес, жалпы әлемнің болашағына әсер ететін теріс, жағымсыз факторларды жеңе аламыз.

ЮАНЬ ЛИ, ҚХР ЖАСТАР КЕҢЕСІ ҰЛТТЫҚ БӨЛІМІНІҢ МҮШЕСІ:

- Болашақ жастардың қолында. Біздің кеңістікте әлемдегі жастардың ең көп бөлігі өмір сүреді. Сондықтан  өз қоғамымыздың дамығанын қалаймыз. Қандай жобалар болмасын, біз әрдайым қолдауға дайынбыз.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жастар кеңесі осыдан он жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде ол жастар саясатын дамытуға бағытталған көптеген жобаларды жүзеге асыра алды. Жыл сайын кеңеске жаңа мүшелер қосылып отырады. Егер өткен жылы ұйымға Өзбекстан қосылса, биыл Пәкістан өрендері қабылданды.

Фото: gorobzor.ru