Қырғызстанда жібек өндірісі жаңғыртылуда

Қырғызстанда жібек өндірісі жаңғыртылып жатыр. Биылғы жылдың өзінде ғана елдің Қадамжай ауданында екі тоннаға тарта шикізат жинап алынды. Айта кетейік, республика мата шығаруға арналған табиғи талшықтарды Өзбекстанға өткізу туралы келісімге тұрған. Алдағы уақытта шикізатты өңдеуші кәсіпорындар ашу жоспарланып отыр.

Данияр Юсупов бір айда 100 килограмға жуық піллә жиған. Шаруа келер жылы жібек құртының көмегімен көрсеткішті еселеуді көздейді. Ол матаның осы түрін дамытудың келешегі мол деген пікірде.

ДАНИЯР ЮСУПОВ, ҚАДАМЖАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

- Бір ай бойғы жұмыстың нәтижесінде 100 кг жібек пілләсін жидық. Бұл көлемді жібек құртының 20 грамынан алдық. Кейін оны Өзбекстанға жібереміз.

Жібек құрттары Өзбекстаннан жеткізілген. Аталмыш өндірісті жолға қою мақсатында екіжақты келісім бар. Құжатттың талаптарына сай, өндірілген шикізатты Өзбекстандық тарап сатып алады. Өйткені Қырғызстанның ауа райы жоғары сапалы табиғи талшық өндіруге аса қолайлы деп танылған. 

АЙДАР АСАМИДИНОВ, ҚАДАМЖАЙ АУДАНЫНЫҢ АГРАРЛЫ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

- Құрттарды сәуір айында алып келдік. Отыз бес данасын таратып жемісін көріп үлгердік. Қазір өнім жиналып жатыр. Биыл екі мың килограмм жібек талшықтарын жинау жоспары тұр.

АБДИЛАТИВ БОТОБАЕВ, ФЕРҒАНА ОБЛЫСЫНЫҢ «АГРОПИЛЛА» БІРЛЕСТІГІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ  /ӨЗБЕКСТАН/:

- Шикізаттың сапасы өте жоғары. Қырғызстанның ауасы таза, сондықтан мол әрі жақсы өнім алуға мүмкіндік зор. Бұған көз жеткіздік. 

Жалғыз ғана жібек құрты қысқа уақыттың ішінде бірнеше мың метр табиғи талшық бере алады. Мамандардың айтуынша, өнімнің барлығы дерлік жібек шығаруға жарамды. Бүгінде Қырғызстанның Қадамжай ауданында ұмыт бола бастаған көне кәсіп қайта жан бітіп жаңғыртылып жатыр.

Фото: myuttarpradesh.net