Орталық Азия елдері Арал теңізін құтқару үшін бірлесе күш салуда

Арал теңізін қалпына келтіруге Орталық Азия елдері бірлесе күш салып жатыр. Осы ретте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстарын жалғастыруда. Атап айтқанда, теңіздің суы тартылған жеріне көшет егу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта 300 мың гектарға өсін өсті. Сонымен қатар, экологтар Арал теңізіндегі су деңгейін арттыру жолдарын қарастыруда. Бұл ретте қазіргі суару арналарын қалыпқа келтіру ұсынылып отыр. Сарапшылардың айтуынша, суды үнемдеу үшін бөгеттер мен су қоймаларын салу қажет.

СҰҢҚАР ЖОЛДЫБАЕВ, «КАЗЭКОЛОГИЯ» ЖШС СЫНАУ ЗЕРТХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Бүгінде он жылдан астам уақыт бойы судың ернеуінен асып, бұрынғыдан айтарлықтай ұлғайғанын байқап отырмыз. Қазір ол өз арнасына жетті, тіпті бастапқы деңгейіне келді деуге болады. Орын алған өзгерістер балық шаруашылығына да, ел экономикасына да оң әсерін тигізіп отыр.

Ал көрші мемлекет Өзбекстан Арал теңізі мен оның аймағындағы ахуалды жақсарту мақсатында күні бүгінге дейін 230-дан астам бағдарлама қабылдады. Кешенді жобалардың жалпы қаржы көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асып жығылады. Оның 40 пайызы жергілікті бюджеттен, қалғаны қосымша донорлық көмек есебінен алынды. Соның негізінде теңізге жақын орналасқан елді-мекендерге инфрақұрылым тартылып, ауылдағы медициналық мекемелерге қажетті құралдар сатып алынған.

ВАДИМ СОКОЛОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРАЛДЫ ҚҰТҚАРУ ҚОРЫНЫҢ ӨЗБЕКСТАНДЫҚ АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Су қоймасының негізгі бөлігі Әмударияның теңізге құятын тұсында орналасқан. Өзен осы жерге келгенде екіге айрылады. Тиімді болған соң қойма осы жерге салынған. Әмудариямен ағып келген суды жинап, сол арқылы өзге көлдерге жіберіп отыруға болады. Атап айтқанда Мойнақ қоймасы 15 жыл бұрын қордың қолдауымен салынды.

Аралды құтқару халықаралық қоры теңізді сақтап қалудың бір жолы құрғақшылық жайлаған аумақты көгалдандыру және кәріздеу деп отыр. Бұған қоса су сапасын жақсарту мен суды ысырап қылмау жөнінде Оңтүстік Корея және Жапония елдерінің жаңа технологияларын игеру жобасы бар. Сонымен қатар, өңірде Ежелгі Аралдың тарихынан сыр шертетін геопарк құру жоспарланған.

Фото: mytashkent.uz