Тәжікстанның туристік әлеуеті

Бойыңды қуаттап, ойыңды сергітіп, көңіл ләззаті мен шабыт сыйлайтын алып таулар әлемі. Тегістей үлкенді-кішілі жоталарға ұласқан қаһарлы да көркіне көз тоймас ерекше аймақ. Аумағының 93%-дан астамын тау алқаптары басып жатқан Тәжікстан Республикасы. Елдегі жер бедерінің  тең жартысы теңіз деңгейінен үш мың метр биіктікте жайғасқан. Орталық Азияның жауһары саналатын көк тіреген Памир тау алабының ең биік нүктесі - Сомони шыңы. Ол теңіз деңгейінен 7495 метр биіктікте орналасқан. Памир көне парсы тілінен «күн құдайының етегі» деген мағынаны береді.  Аталмыш тау жүйесі ЮНЕСКО-ның адамзаттық мұралар тізіміне енген.

Басынан жыл он екі ай қар кетпейтін Гиссар тауларының оңтүстік жотасында «Сафед Дара» курорты орын тепкен. Атауының аудармасы «ақ мекен» деген  ұғымды білдіреді. Шынымен де атына заты сай жер екеніне біздің түсірілім тобының  көзі жетті. Шаңғы базасының аумағында жазға дейін қар тұрады. Бұл жылдың төрт мезгілін бір уақытта көруге мүмкіндік беретін өз сыры мен жұмбағы бар бірден-бір орын.