Орталық Азиядағы ең үлкен кітапхана Тәжікстанда орналасқан

Тәжікстанда Орталық Азия аймағындағы көлемі бойынша ең үлкен кітапхана орналасқан. Ұлттық рухани қор 45 мың шаршы метр аумақты алып жатыр.  Сәулетті ғимараттың сыртқы көрінісі ашық кітапті бейнелейді. Ал қасбетін айнала Тәжікстанның ғұлама ойшылдары мен ұлы қаламгерлерінің мүсіндері қоршап тұр. Онда 10 миллион данаға шақталған 28 кітап қоймасы бар. Бүгінде қорда 6 миллион кітап сақтаулы. Оның 100 мыңы электронды үлгіге көшірілген. Сондай ақ жарты миллионға жуық ғылыми диссертация сандық жүйеге келтірілген. Танымдық мекеме 1500 адамға арналған 25 оқу залымен қамтылған. 36 бөлімнің бірі нашар көретін зағип жандарға ыңғайлы етіліп жарықтандырылған. Шетел бөлімінің өзінде жаһандық өркениеттен сусындататын әлемнің 42 тілінде жазылған 90 мың кітап қоры жинақталған. Тарих қойнауынан сыр шертетін шығыс қолжазбалары және сирек кезігетін көне кітаптармен де осы жерден танысуға болады.

САЙОРА КАРИМОВАТӘЖІКСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

- Ең көне кітап адамзаттың пайда болуы жайында жазылған «Табари тарихы» деп аталады. Мұхамед пайғамбардың өмірін баяндайтын Сиари Шарифтің еңбегі көлемі мен салмағы бойынша ең үлкен кітап саналады. Оның салмағы 7,5 кг. құрайды. Бізде алтын әріптермен басылған 700 жылдық тарихы бар Құранмен танысуға болады. Литографиялық тәсілмен жазылған кішкентай Құранды алақанға салып үлкейткіш әйнек арқылы ғана оқи аласыз.  Оның салмағы - 1,6 грамм. Сондай-ақ бөлімде Гиссар бекінісінде табылған жануарлардың терісіне жазылған ХІІ ғасырдың сатып-алу келісімі сақтаулы.

Фото: news.tj