Тәжікстандағы Гиссар бекінісіне келетін туристер легі артуда

Тәжікстаннның тамылжыған табиғатымен қатар елдің киелі мекендері, жергілікті халықтың өткені шетелдік туристердің назарын жаулап келеді. Сырттан келген саяхатшылардың дені Гиссар тарихи-мәдени қорығына бас сұқпай кетпейді. Он жеті гектар аумаққа жайылған кешен Ұлы Жібек жолы бойындағы көне керуен  қаласының негізінде құрылған. Құрылысына 500 жыл болған бекініс қақпасы 16 бірдей бұзылған қамалдардың орнында көтерілген. ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін Шығыс Бұқара Әмірлігінің астанасы болған Гиссар шаһарының тарихы бағзы заманнан бастау алады. 

АҚМАЛ ХАМИДОВ, «ГИССАР ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҒЫ» БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ /ТӘЖІКСТАН/:

- 1946 жылы археолог Алексей Павлович Окладников осы мекеннен тас дәуіріне тән жәдігерлерді тапқан. Ол көне қалдықтар шамамен 8 мың жылдық тарихы бар мәдениетке жатады. Сондай-ақ, қола кезеңінің моласы анықталды. Осыдан 4200 жыл бұрын желенген. Осының бәрі Гиссардың тарихы бай әрі ежелгі қала екенін айғақтайды.

Тіпті бұл қасиетті мекенді б.з.д. IV  ғасырда  гректер басып алғандығын дәлелдейтін жәдігерлер де көптеп табылған. Оның бірі – жақында құрылысы жаңғыртылған амфитеатр. Ал VI ғасырда қамал Парсы Империясының қарамағында болған. VIІІ ғасырдан билік толықтай ислам елдері әмірлерінің қолына көшкен. Оның жұрнақтары болып табылатын көне медресе, кесенелер мен мешіт сынды діни нысандар бүгінде қайта қалпына келтіріліп жатыр.  Орта Азия халқының мың жылдық ғұмырын бастан кешкен бекініс әлем кезіп жүрген туристердің үлкен қызығушылығын тудыруда. Былтыр ғана бекініспен 9 мыңға тарта шетел саяхатшысы танысып үлгеріпті.

НОТИХ ТОРАБИ, ТУРИСТ /ФРАНЦИЯ/:

- Мен Душанбеге алғаш рет келіп тұрмын. Елдің тарихымен бұрыннан қызығатынмын. Сәті түсіп Тәжікстан жеріне  турист ретінде аяқ бастым. Гиссар бекінісін толықтай тамашалап үлгермедім. Бірақ бұл мекеннің  Иран, тәжік, ауған мен өзбек сынды Азия халықтарының ортақ мәдениетінің шоғыры екенін жақсы білемін.

Жалпы, бекініс теңіз деңгейінен 850 метр биіктікте жайғасқан. Қазіргі таңда кешеннің ең биік шыңында шаһардың ең соңғы әміршісінің сарайы қалпына келтіріліп жатыр. Жаңғыртуды талап ететін тарихи нысандар жетіп артылады, дейді мамандар. Бүгінде Гиссар алқабындағы сәулетті нысанның тек 20 пайызы ғана зерттелген. Сондықтан туристерді әлі тың жаңалықтар күтіп тұр.

Фото: journey2dakar.com