«Көкпар» ойынының халықаралық ережесі бекітілді

«Көкпар» ойынының халықаралық ережесі бекітілді

Орталық Азия аймағы халықтарына ортақ көкпар ойыны жаһандық деңгейде дамытылады. Астанада бас қосқан бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесі көшпенділер өркениетінің төл ойынның халықаралық тәртібін бекітті. Аталмыш кеңеске мүше 10 елдің ұлттық спорт федерацияларының өкілдері жаңа ережелерді мақұлдап, құжатқа қол қойды.

МАҚСАТ ЧАКИ, «АЛАМАН» ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, /ҚЫРҒЫЗСТАН/:

-  Әлем бойынша этно спорттың 30 мыңнан астам түрі бар. Оның 2-3 мыңға жуығын жаһандық деңгейде дамытып, әлем халқына насихаттаудың әлеуеті зор. Олардың қатарында көкпарды ерекше атап өтуге болады. Біз төл ойындарымызды Еуропа, Америка сынды батыс елдері ойнағанын қалаймыз. Оған тек жұмыла қол жеткізуге болады.   

«Келісе пішкен тон келте болмас» демекші, ұзақ талқылаулардан соң, ортақ шешім қабылданды. Жаңа ереже бойынша қазандық алынып тасталды, оның орнына шеңбер қойылады. Бұл ойыншы мен астындағы атының қауіпсіздігі үшін жасалады. Халықаралық жан-жануарлар әлемін қорғау ұйымдарының қағидаларына қайшы келмес үшін серкенің орнына муляж қолданылмақ. Оның салмағы да біршама жеңілдетілмек. Ойынның жалпы уақытының үштен бір бөлігі қысқартылды. Енді олжаны 20 миннуттан екі кезеңнің ішінде барынша салып үлгеру керек. Бұдан былай, көкпар тартудан өтетін  барлық халықаралық жарыстар осы тәртіппен ойналады.

ЕРКЕН АБЗАЛОВ, «ҰЛАҚ КӨКПАР» ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ, /ӨЗБЕКСТАН/:

-  Бұл қабылданған шешімдер осы спорт түрінің аясын кеңейтуге бағытталған. Ортақ құндылықтарды жаңғыртуға арналған бастама  Орталық Азия халқының бірлігін бекемдей түсетініне сенімдімін.    Өзбекстанда алдағы наурыз айында «Көкпар» ойынынан халықаралық жарыс өтеді. Кеңеске мүше елдер оған толықтай ат салысады деп ойлаймын. 

Ал сәуір айының 15-22 аралығында Қазақстан «Көкпар» тартудан Азия біріншілігінің қатысушыларын қабылдамақ. Еліміздегі «Жастар жылына» орай додада 20 жасқа дейінгі спортшылар бақ пен бап таластырады деп көзделуде.

Фото: sputniknews.kz