Орталық Азия елдері – инвесторлар үшін тартымды аймақ

Орталық Азия елдері – инвесторлар үшін тартымды аймақ

Қазақстан мен Өзбекстан алдағы жылдары шикізат емес салаларына 40-70 млрд доллар инвестиция тартуға қауқарлы. Бостон Консалтинг групп сарапшылары осындай болжам жасаған. Шетелден қаржы ағынын ынталандырушы жағдайлар ретінде олар бизнес-климатты жақсарту шараларын жалғастыруды, ел экономикаларын әртараптандыруды атады. Жалпы аталған екі мемлекет Орталық Азия аймағында шетелден инвестиция тартуда көшбасшы екенін уақыт көрсетіп отыр. Соңғы 10 жыл ішінде аймақтағы 5 республикаға жалпы көлемі 113 млрд доллар инвестиция бағытталыпты. Соның 70 пайызы Қазақстанға, 16 пайызы Өзбекстанға, 8 пайызы Түрікменстанға, ал Қырғызстан мен Тәжікстанға 6 пайызға жуығы тартылған. Бүгінде Орталық Азияда интеграциялық процестер қарқын алған. Бұл аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі, дейді қазақстандық сарапшылар.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫНЫҢ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА МЕН САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

-  Қазақстанға, сондай-ақ жалпы Орталық Азия аймағына қатысты айтатын болсақ, кез келген инвестор өңір ішіндегі ахуалға маңыз береді. Яғни олар Қазақстанды жеке нарық қана емес, үлкен аймақтың мүшесі ретінде қарастырады. Бұл жерде біз үшін Еуразиялық экономикалық одақпен байланыстың артықшылықтары бар. Оған қоса, соңғы кезде ортаазиялық мемлекеттермен ынтымақтастығымыз тереңдеген. Бұл да шетелдік инвесторлар үшін ынталандырушы фактор екені анық.

Фото: liter.kz