Ташкентте ШЫҰ-ның халықтық дипломатия орталығы ашылды

Ташкентте ШЫҰ-ның халықтық дипломатия орталығы ашылды

Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықтық дипломатия орталығы ашылды. Еске салайық, ел президенті 2017 жылы Астанада өткен ШЫҰ-ның Саммитінде алғаш болып осындай ұсыныс көтерген болатын. Бұған дейін қауіпсіздік пен экономикаға көбірек мән беріп келген беделді ұйым енді қоғамдық мәселені де қамтымақ. Орталықта білім мен мәдениет, спорт пен ғылым өзара ұштасады. Қыз-келіншектер мен жастардың мәселесі және қалалар деңгейіндегі байланыстар қамтылады.

САДЫК САФОЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОЛИЙ МАЖЛИСІ СЕНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Астанада өткен ШЫҰ-ның соңғы саммиті ұйымға мүше елдердің арасындағы өзара байланыс ауқымын одан әрі кеңейту керектігін тағы бір рет көрсетіп берді. Бұған дейін ұйым негізгі екі бағыт бойынша, яғни өзінің қос қанатындай болған қауіпсіздік пен экономикаға көбірек мән беретін. Бүгінгі күні бұл үрдісті білім мен мәдениет, туризм мен бауырлас қалалар сияқты әрекеттермен ұштастыру мәселесі өзекті болып тұр.

РАХМАТУЛЛА НАЗАРОВ, ОРТАЛЫҚ БАСШЫСЫ:

 - Халық дипломатиясы туралы сөз қозғағанда, бұл жерде біз олардың бір-біріне деген сенімі мен өзара ынтымақтастығы тұрғысында айтамыз. Осы тұрғыдан алып қарағанда біздің орталық ұйымға мүше елдермен қоса Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы байланысты одан әрі ұштастыруға сеп болатыны сөзсіз. Оның үстіне биыл біз Өзбекстандағы Қазақстан жылын атап өтіп жатырмыз.