Қазақстан-Өзбекстан: «Ұлы Жібек жолы» трансұлттық тур

Қазақстан-Өзбекстан: «Ұлы Жібек жолы» трансұлттық тур

Қазақстан мен Өзбекстан үстіміздегі жылы да «Ұлы Жібек жолы» трансұлттық турын жетілдіруді жалғастырып келеді. Жаңа бағыттарға ежелгі керуен ізінің бойындағы қалаларды толықтай қамтудың арқасында тараптар жыл сайын 8 миллион туристі тартуды көздеп отыр. Бұл жөнінде еліміздегі Өзбекстан елшісі Саидикрам Ниязходжаев мәлімдеді. Оның айтуынша, трансшекаралық туризм бағыттарында қасиетті мекендерге зиярат жасаушы саяхатшылардың ағынында арттыру жоспарда бар.

САИДИКРАМ НИЯЗХОДЖАЕВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨЗБЕКСТАН ЕЛШІСІ:

 - Қазір біз әріптестермен бірлескен жобалардың жоспарын құрып жатырмыз. Жаңа жоба аясында құрылған топтар бір ғана туристік жолдамамен Қазақстан мен Өзбекстан елдерін саяхаттай алады. Туристер қасиетті жерлерге зиярат жасау арқылы біздің елдердің көне мәдениеті, тарихымен жақынырақ танысатын болады. Саяхатшылар Самарқан, Бұхара, Ташкент, Хиуа, Түркістан, Тараз, Жамбыл, Алматы сынды көне шаһарларды аралай алады. Сондай-ақ туристік бағытқа Астананы кіргізу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда Орталық Азия аймағында шенген визасының баламасын құру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ол саяхатшыларға бірден еш кедергісіз бірнеше елді шарлап шығуға мүмкіндік бермек. Өткен жылы қазақстандық тараппен көтерілген бастаманы алғаш болып Өзбекстан қолдады. Осының аясында биылдан «Silk Visa» жобасы іске қосылады. Оған Қырғызстан, Тәжікстан сынды аймақтың өзге мемлекеттері де қатысуға ниет танытуда. Болашақта жобаға Әзербайжан мен Түркия елдері де тартылуды жоспарлап отыр.

САИДИКРАМ НИЯЗХОДЖАЕВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨЗБЕКСТАН ЕЛШІСІ:

 - Аталмыш жобаны биылдан жүзеге асыра бастаймыз. Биыл Өзбекстан Республикасында туризм саласына қатысты екі жарғы қабылданды. Алғашқысы саланы жетілдіруге қатысты болса, келесісі туристік инфроқұрылымды жаңғыртумен байланысты. Ол қонақүйлер салу сынды көптеген құрылыс жобалары қолға алынады деген сөз. Қазіргі таңда қазақстандық әріптестермен осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз.  

Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласы бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап келетінін айта кеткен жөн. Қазір тараптардың алдында тұрған ортақ мақсат қос халықтың бай мәдени, тарихи мұрасын біріктіріп, эко және этно туризм бағыттарын дамыту. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бірлесіп, саяхатшылардың ағынын арттырудың арқасында  мемлекеттердің экономикасына оң әсерін тигізетін болады, дейді елші.