Орталық Азия: «Бір белдеу, бір жол»

Орталық Азия: «Бір белдеу, бір жол»

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы Орталық Азия елдерінің өзара тиімді дамуына бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, бұл жоба аймақтың экономикалық өсімін жеделдетуге сеп болады. Бастамаға қатысушы-елдер Еуропамен байланысты нығайтпақ. Орталық Азия елдерінің тауар өндірушілеріне әлемдік нарыққа шығуларына жол ашады. «Бір белдеу, бір жол» аясында алдағы уақытта жер шарының 60 пайызын қамту жоспарда бар. Бұл елдер арасындағы сауданы ғана емес, өзге бағыттар бойынша байланысты да нығайтады.

СЕРГЕЙ ИВАНОВ, РҒА БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

-  Бұл жобаның арқасында Орталық Азия елдері әлемдік экономикалық аренаға шығады. Өйткені қазіргі уақытта көліктік шектеулерге байланысты олар әлемдік нарықта белсенділік таныта алмайды. Сондықтан бұл бастама өте пайдалы деген ойдамын. 

ТИМУР ШӘЙМЕРГЕНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОРҒАНЫС ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Алғашқы 5 жылда мемлекеттер арасындағы байланыс үкіметтік деңгейде болса, келесі 5 жылдықта мәдени-гуманитарлық бағытта дамыды. Елдер бір-бірін жақсырақ түсіне бастады. Адамдар арасындағы байланыс нығайды. Келесі кезең – шағын және орта бизнес нысандары. Яғни адамдар өздері сауда жасап, өндірістерді іске қоса алады, бірлескен жобаларды қолға алады. Бұл өте маңызды орталықтандырылған жоғары деңгейден орта және төменгілеріне көшу керек деп есептейді. Сол кезде тұрғындар Жібек жолы бойындаөз жобаларын жүзеге асыра алады.  

Сарапшылар елдер жоба аясындағы бірлесе іс-қимылдарды қолға алу керек деген ойда. Бұл Орталық Азия аймағына бағытталатын қытайлық инвестицияны арттырады. Ол үшін аймақ елдері әріптестік мәселелеріне арналған кездесулерді жүйелі түрде өткізіп тұрады.

ЕВГЕНИЯ БУХАРОВА, СІБІР ФЕДЕРАЛДЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЭКОНОМИКА, ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл Орталық Азия елдері экономикасының дамуына тың серпін береді. Мемлекеттердегі түрлі қоғамдық-саяси ұйымдар бұл бастаманы қолдап отыр. Келесі маңызды жайт құрлықтағы Жібек жолы мен Теңіз Жібек жолының байланысуы деп ойлаймын. Демек, Қытай, Орталық Азия және Еуропа бағыттарындағы тауарлар қозғалысының логистикасын кешенді түрде қадағалау керек. Осының арқасында аймақ елдеріндегі түрлі салалар қарқынды дамиды деп ойлаймын.

Қазіргі таңда Қытай – Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның ірі сауда серіктесі. Аймақтың барлық мемлекеттері аспанасты елімен байланысты нығайтуға мүдделі.