Өзбекстанда «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң өз күшіне енді

Өзбекстанда «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң өз күшіне енді

Өзбекстанда «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң өз күшіне енді. Басты құжат педагог құқығын қорғап, беделін көтереді. Тиісінше ұстаздардан сұраныс та жоғары болмақ. Яғни шәкіртінің үлгерімі мұғалімнің беделін бағамдайды. Жаңа заңда педагог құқығымен қатар әлеуметтік мәселесі де қамтылған. Яғни қаладан ауылға келген жас маман бірінші кезекте баспанамен қамтылады, жалақысы көтеріліп, жеңілдікті несиелер беріледі. Ал зейнетке шыққан мұғалімдердің айлығымен бірге зейнетақысы толық төленетін болды. Карамат Сидикова 32 жылдан бері  мектепте дәріс беріп келеді.

КАРОМАТ СИДИКОВА, ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ:

-  Жалақымыз өсті, одан кейін зейнетақымыз түгелдей берілетін болды. Басқа да жазу-сызу сынды көптеген артық жұмыстар жасайтын едік. Осылардың барлығы қысқартылды.

Оң өзгерістердің арқасында мұғалімдікке бет бұрған жастар саны да артады деген сенім мол. Нодир Абдувохидов былтыр ғана жоғарғы оқу орнын тәмамдап, мектепке ұстаз болып орналасыпты. Ағылшын пәнінің оқытушысы өз мамандығына сұраныс көп екенін айтады.

НОДИР АБДУВОХИДОВ, ЖАС МАМАН:

-  Алдағы уақытта басқа салаларда да өзімді сынап көрсем деген мақсатым бар. Дегенмен бірінші кезекте көпшілікпен жұмыс жасауды жөн көрдім. Оның ішінде мектепте оқушыларға білім беріп, өз тәжірибемді осы саладан бастағанды дұрыс деп санадым.

Жалпы Өзбекстанда президент пәрменімен білім саласын жетілдіруге арналған кешенді жоба жасалды. Мысалы, «Заманауи мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 126 білім ұясы салынбақ. 704 білім ошағын қайта жаңғырту жоспарланған. 

ГҮЛАЙЫМ ТОРБАЕВА, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Бір қабатты болып салынған ғимарат. Мұны екі қабат етіп саламыз деп жоспарлап, 2019 жылдың жоспарына ендіріп жатыр. Біз барлық ата-аналармен бірге содан үміттеміз. Оқушыларымыздың саны 300-ден асады. Мектептерге көптеген жаңалықтар енгізілуде.

Ұстаздар қосымша жұмысқа жегілумен қатар, қағазбастылықтан арылды. Енді өздеріне тиесілі 3 құжатты ғана толтырады. Білім саласында осындай қолға алынған бірқатар шаралар қазірдің өзінде оң нәтижесін беріп жатыр.