Сеулде Орталық Азия жастарын қолдау қауымдастығы құрылды

Сеулде Орталық Азия жастарын қолдау қауымдастығы құрылды

Орталық Азиядан келгендерге көмек. Сеулде осындай мақсатты ұстанатын жаңа Қауымдастық құрылды. Ұйым құрамына – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мен Тәжікстан студенттері кіреді. Сеул ұлттық университетінің магистранты – Жанар Егісбекова жаңа құрылған Қауымдастықта Қазақстанның өкілі болып келеді.

ЖАНАР ЕГІСБЕКОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ CASA-ДАҒЫ ӨКІЛІ:

-  Мен мұнда 4 ай бұрын келген болатынмын. Ол кезде мен метрода картамен қолдануды, қандай ұялы байланысты сатып алған дұрыс, тіпті, университетке барар жолды да білген емеспін. Сол кезде өзімізге түсінікті тілде, бізге ұқсас адамдарға ұйым құру керек туралы ой туындады. Орталық қол ұшын созып келген әрбір адамға көмек көрсетуге әзір. Ортаға тез бейімделуге көмектесеміз.

Қауымдастық – Орталық Азия студенттеріне көмек көрсетіп, ел мәдениетін таныстырумен шектелмейді екен. Ұйым мүшелері, сонымен қатар Аралды қолдау қорын ұйымдастыра білген. 2019 жылдан бастап олар алған бағыттарының ауқымын да кеңейте түсуді жоспарлап отыр.

 МАНСҰР БАБАЖАНОВ, ӨЗБЕКСТАННЫҢ CASA-ДАҒЫ  ӨКІЛІ:

-  2019 жылы Қауымдастық өз қатарын толықтыра түсуді жоспарлап отыр. Біз Кореяда тұратын Орталық Азия елдерінің азаматтарына түрлі шеберлік сабақтарын ұйымдастырғымыз келеді. Өйткені сыртта жүрген адам көптеген қиындықтарға кезігіп жатады. Қоныс аударған адамға жаңа атмосфераға ену қиын. Оқу бағдарламаларының көмегімен Кореяда өмір сүру жеңіл болады.

Жуырда қауымдастық мүшелерінің кездесуі өтті. Келген қонақтар, Сеул тұрғындары мен шетелдіктер Орталық Азия республикаларының ұлттық тағамдарынан дәм татып, қазақтың қара домбырасының әуезді үнінен тамаша әсер алды.