2018 жыл Орталық Азия елдері үшін қандай болды?

2018 жыл Орталық Азия елдері үшін қандай болды?

Орталық Азия 2018 жылы интеграцияға басымдық берді. Аймақ елдері басшыларының 9 жылда тұңғыш рет Астанада бас қосуы осыған дәлел. Басты мәселелер – аймақтағы қауіпсіздікті нығайту, сауда-саттықты кеңейту және су ресурстарын пайдалану. Жиында Орталық Азия мәдениет фестивалі, жастардың кездесуі, спорттық жиындар, студенттер алмасу және аймақтағы туризмді дамыту бойынша келісімдер жасалды. Жалпы, биылғы жыл аймақтың әрбір мемлекеті үшін оқиғаға толы болды.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Мысалы, Қазақстан үшін 2018 жыл БҰҰ-да Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық етуімен есте қалды. Төрағалық барысында тек Қазақстанның мүддесін ғана емес, барша аймақтың мүддесін айқындауға арналған бастамаларды көтердік. Жылдың соңына қарай Тәжікстан Рогун гидроэлектр стансасының алғашқы кезеңін іске қосты. Бұл әріқарай жалғасын тапса, жалпы аймақ үшін үлкен жаңалық болады.

Жалпы осы жыл Орталық Азия үшін тұрақты болды. Бұл қауіпсіздік тұрғысынан да, елдер арасындағы байланыстың нығая түскенінен де  байқалды.  Бес елдің өзара қарым-қатынастары дамыды. Осы ретте Қазақстан мен Өзбекстан байланысы мүлдем жаңа деңгейге шықты. Біздің елімізде көршілес мемлекет жылы  жарияланды.

САИДИКРАМ НИЯЗХОДЖАЕВ, ӨЗБЕКСТАННЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Бұл жыл ішінде 200-ге жуық шара ұйымдастырылды. Олар тек сауда-экономикалық қана емес, мәдени-гуманитарлық саланы да қамтыды. Қазақстанның түрлі қалаларында өзбек киносының күндері өтті. Елдеріміздің байланысы стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне шықты. Қазақстан мен Өзбекстан байланысының жаңа беттерін ашты деп айтуға болады.

2019 жыл Орталық Азияны тұтас аймақ ретінде көргісі келетіндердің үмітін ақтайды. Аймақта ұзақ мерзімге бағытталған шешімдер қабылданып, жүзеге асырылатын болады,-дейді сарапшылар.