Қырғызстан Қытайға тасымалдайтын өнімдерін еселеуді көздеуде

Қырғызстан Қытайға тасымалдайтын өнімдерін еселеуді көздеуде

Қырғызстан экспорттық әлеуетін арттырып келеді. Ресбублика Қытайға тасымалдайтын өнімдерін еселеуді көздеуде.  Бүгінде бұл көрсеткіш жалпы сыртқа шығарылатын тауар көлемінің 5% құрап отыр. Экспортқа негізінен 100-ге тарта тауар түрі жөнелтіледі. Аспан асты еліне көбіне тау-кен өнімдері, мұнай, бидай, дәрілік шөптер, өңделмеген тері, былғары, жүн мен иірілген жіп тасымалданады.

ВЕНЕРА МАМБЕТАЛИЕВА, ҚЫРҒЫЗСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА КОМИТЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- 2017 жылы біздің елден Қытайға тасымалданған экспорт көлемі 97 миллион 500 мың доларды құрады. 2016-шы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 21,7% ұлғайып отыр. Қырғыстан экспорттайтын барлық елдердің ішінде Қытай 7-ші орында.

Қырғыз бизнесмендерінің жақын арадағы жоспары - экспорт көлемін ұлғайту. Ел кәсіпкерлері қытайлық тұтынушыларға экологиялық табиғи таза өнім ұсынуға әзір. Олардың қатарында балдың бірнеше түрі бар. Республикадағы ара шаруашылықтарының бірі ғана өнімінің тең жартысын аспан асты еліне жөнелтеді екен.

АЗНОР АТАБИЕВ, КОМПАНИЯНЫҢ ӨНДІРІСТІК  ДИРЕКТОРЫ:

- Қазіргі таңда біз жылына Қытай нарығына 500 тонна бал өнімдерін  жеткіземіз. Аспан асты елі өте үлкен нарық. Сұраныстарын толықтай қанағаттандыруға дайынбыз. Бүгінде жаңа әріптестер іздеп жатырмыз. Тапсырыс берушілер табылып экспорт көлемі ұлғайып келеді. 

Жуық арада Қытай нарығында Қырғызстанда жасалған кондитерлік өнімдер пайда болмақ.  Республиканың табиғи сапалы өнімдерден әзірленген тәтті тоқаш шығаратын кәсіпорындардың бірі өз тауарларымен аспан асты еліне шығуды жоспарлап отыр. Бүгінде олардың қара бидай  және ақ ұннан әзірленген нан өнімдері Қытай тұтынушыларына жақсы таныс.  Сұранысқа ие өнімді дайындау технологиясы қытайлық мамандардың қатысуымен жасалған. Компания Аспан асты еліне жылына 40 тонна ұн өнімдерін тасымалдайды.  

АБДУРАХМАН СУХАДЖИЕВ, КОНДИТЕРЛІК КОМПАНИЯНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

- Көптеген қытайлық сатып алушыларға біздің өнімдеріміз ұнайды. Сондықтан сұраныс бар, тапсырыс көп. Наннан дәм татқан сәтте табиғи таза өнімдерден әзірленгені байқалып тұрады дейді. Қырғызстанның Арсланбаб өңірінен жиналған жаңғақтары қосылады.  Кейбіреулері алғаш рет дәмін татқанда бірден жаңғақ пен мейіз дәмі сезілетінін айтады.

Қырғызстан экспорт көлемімен қатар Қытайға жеткізілетін тауар түрлерін арттыруды жоспарлап отыр. Ірі қара, қой және құс етін тасымалдау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.